Accessibility links

ШҚО фермерлері Астанаға прокуратурадан ескерту алып келді


Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданынан келген фермерлер жиын өткізіп отыр. Астана, 10 сәуір 2018 жыл.
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданынан келген фермерлер жиын өткізіп отыр. Астана, 10 сәуір 2018 жыл.

Астанада "Жер тағдыры" қоғамдық бірлестігі 10 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы жер мәселесі бойынша жиын өткізді. Жиынға шаруа қожалықтарының 24 өкілі қатысты. Олар өзімен бірге Семей қалалық прокуратурасының акция және митингіге шығуға болмайтыны туралы жасаған ескертуін ала келген.

Астаналық азаматтық белсенді Талғат Омаров Азаттыққа Семейде адамдарды пойызға отырған жерінде тоқтатып, прокурордың ескертпесін тапсырғанын айтты. Ескерту қағазында түсіндірме "Прокуратура туралы" заңның 32-бабына ("қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заң бұзылатыны туралы немесе заңға қайшы іс-әрекетке дайындық туралы мәлімет түскен жағдайда ескерту") негізделгені айтылады.

"Жер тағдыры" бірлестігінің басқа өкілінің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысының фермерлері Астанаға өздері жеке автобуспен бармақ болған. Бірақ соңғы сәте автобус жүргізушісінің жүргізу куәлігін алып қойған.

Астанадағы жиында шаруа қожалықтарының өкілдері Merey Agro компаниясы былтыр көктемде Зайсан аудандық әкімдігіне соя өсіру үшін инвестиция бөлуді сұрап, өтініш білдіргенін мәлімдеді. Ол кезде 37 келісім жасалып, соя жинайтын комбайн жоқтығы мәселесі көтерілген. Бұл мәселені кейінірек шешуге уәде берілген. Фермерлер соя пісіп-жетілген соң комбайндар жоқтықтан өнім жиналмай қалғанын айтады.

Компания тартқан шығынын қайтару үшін 37 шаруа қожалығын сотқа берген. Компания әр шаруа қожалығынан шамамен 25-30 миллион теңге аралығында шығын тартқанын айтады. Фермерлер компания осылайша өздерінен жерін тартып алып қоймақ екенін, ал компания құрылтайшылары қатарында қытайлық кәсіпкерлер барын айтады. Фермерлер компанияның Қытаймен байланысы бар деп, жалға алған жерінен айырылып қаламыз деп қауіптенеді. Бұл іс бойынша сот Талдықорғанда 13 сәуірге белгіленген.

Merey Agro компаниясының адвокаты Әлібек Тортаев "қоғамда жерімізге қауіп төніп тұр деген әлдебір қауіп үрей барын" айтады. Оның сөзінше, компания клиенттері - аймаққа келіп, өзара тиімді шартпен бірлесе жұмыс жүргізуді қалайтын адал ниеттегі инвесторлар. Заңгер компания жерді алып қояды деген мәлімдемелерді "бос сөз" және "дәлелденбеген" деп біледі.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG