Accessibility links

Мәжіліс капиталды бақылау заңы жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады


Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәжілісте заң жобасын таныстырып тұр. Астана, 11 сәуір 2018 жыл.
Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев мәжілісте заң жобасын таныстырып тұр. Астана, 11 сәуір 2018 жыл.

Қазақстан парламенті мәжілісі пленарлық отырысында елден капиталдың шығарылуын қадағалауды күшейтетін заң жобасын қарап, алғашқы оқылымда мақұлдады.

"Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" заң жобасын Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев таныстырды. Ақышев заң жобасында банк құпиясы бар қаржы операциялары туралы ақпаратты салық органдарына беру құқығы қарастырылғанын айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік кіріс органдарымен "белсенді өзара әрекеттесу" шаралары "елден қаржы жылыстауының алдын алу" мақсатында жасалмақ.

"Капиталдың шетке жылыстауын заң нормаларымен ғана қадағалау мүмкін емес. Капитал заңсыз жолдармен немесе заңды келісімдермен бүркемеленіп шетке шығарылуы мүмкін. Тікелей шектеу шаралары инвестициялық ахуал мен адал ниетті кәсіпкерлердің бизнес жүргізуіне жасалатын жағдайды нашарлатуы ықтимал" деді Ақышев мәжілісте.

Заң жобасында бұдан өзге "қаржыны елден жылыстатуға ұқсайтын валюталық операциялар тізімін" енгізу көзделген. Мұндай операциялар қатарына резиденттердің резидент еместерге және резидент емес адамның резидентке қаржылай займ беруі (егер қайтарылатын ақша Қазақстандағы есепшотқа аударылмаған жағдайда), резиденттің үлесі жоқ резидент емес адамға 720 күннен артық мерзімге пайызсыз займ беруі енеді.

Ақышев заң жобасы қабылданса оның қарапайым азаматтарға қатысы болмайтынын және негізінен "ірі мөлшердегі валюта операцияларына қолданылатынын айтты.

XS
SM
MD
LG