Сәуірдің 11-і күні Шымкенттегі Абай аудандық сотының судьясы Сайдыбаттал Тоқбергенов "пара алу кезінде ұсталып, қамауға алынған" Оңтүстік Қазақстан облыстық (ОҚО) әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Сәтжан Полатовты Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 1,2 және 4-тармағымен кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сот сонымен қатар оны өмір бойы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда қызмет істеу құқығынан айырды. Сәтжан Полатов жазасын орташа режимдегі түзеу мекемесінде өтейтін болды.
Сәтжан Полатов тағылған айыпты толық мойындап, прокурормен процессуалдық келісімге келу үшін өтініш білдірген.
Сот тергеуі кезінде Сәтжан Полатовтың жалпы соммасы 5,9 миллион теңге "пара алғаны" анықталған.
Прокурор соттан айыпталушыны өмір бойы мемлекеттік мекемелерді басқару құқығынан айырып, бес жыл бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сәтжан Полатовпен бірге ұсталған басқарманың үш аудандағы бөлім басшысы мен басқарма бас маманының сот тергеуі әлі аяқталған жоқ.
Айыпталушыларға "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған.