Accessibility links

Қырғызстан депутаттары бас прокурорды отставкаға жіберді


Индира Жолдубаева.
Индира Жолдубаева.

Қырғызстанның Жогорку Кенеші президент Сооронбай Жээнбековтің бас прокурор Индира Жолдубаеваны отставкаға жіберу туралы ұсынысын қабылдады. 105 депутат қолдап дауыс берсе, екеуі қарсы шыққан.

Бұған дейін президент ұсынысын Жогорку Кенештің конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқық мәселелері мен регламент жөніндегі комитеті мақұлдаған.

Парламент депутаты Жанар Акаев отырыста сөз сөйлеп, "жұмыстан босатылған бас прокурор мен елдің Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасын "саяси тапсырыстары" үшін жазалау керек" деді.

- Қырғыз шенеуніктері үшін ең үлкен жаза - отставка. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы, бас прокурор адамдардың тағдырларымен ойнап, мұнда [парламентте] міз бақпай біздің сөзімізді бөліп отырды. Біз неге оларды жай ғана отставкаға жібере салуымыз керек? Бұлай болмауы тиіс. Олар адамдардың тағдыры мен саяси тапсырыстары үшін жауапқа тартылуылары керек. Алда тағайындалатын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы мен бас прокурор саяси тапсырмалар орындамас үшін, біз оларды жауапқа тартуымыз қажет, - деді ол.

Индира Жолдубаева бұл қызметке 2015 жылдың қаңтарында сол кездегі президент Алмазбек Атамбаев ұсынысымен тағайындалған. Бас прокурор қызметіне халыққа таныс емес адамның отыруына қатысты сындар айтылған. Жолдубаеваның кезінде оппозиция өкілдері, депутаттар мен саясаткерлерге қарсы қылмыстық істер қозғалып, олардың көбісі қазір түрмеде отыр.

XS
SM
MD
LG