Accessibility links

Шымкентте сот Ардақ Әшімнің туыстарының шағымын қарап жатыр


Азаматтық белсенді Ардақ Әшімова Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл
Азаматтық белсенді Ардақ Әшімова Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл

12 сәуір күні Оңтүстік Қазақстан облыстық соты шымкенттік белсенді Ардақ Әшімді бір айға жүйке аурулары ауруханасына мәжбүрлеп емдеу туралы сот қаулысына қарсы туыстары түсірген апелляциялық шағымды қарай бастады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сотқа қоғамдық ұйым өкілдері мен белсенділер және журналистер қатысуға келгенімен сот отырысы жабық болғандықтан кіргізілмеді. Істі судья Бүркіт Байдуллаев қарап жатыр.

Сот отырысына Ардақ Әшімнің қызы Айнұр Әшімова мен оның адвокаты, тергеуші Бақытжан Сыдықов, сот психиатриялық сараптама жүргізген сарапшының бірі, облыстық жүйке аурулары ауруханасының дәрігері қатысып жатыр. Айнұр Әшімова апелляциялық шағымда белсендінің заңды жеті құқығы бұзылғанын көрсеткен.

Белсенділер мен қоғамдық ұйым өкілдері соттың шешімін күту залында күтіп отыр.

Абай аудандық соты Ардақ Әшімді жүйке аурулары диспансеріне жатқызу туралы қаулыны 27 наурызда шығарған. Сот қаулысында 20 наурызда Ардақ Әшімге қатысты сот психиатриалық сараптама жасалғаны айтылады. Сараптама қортындысында Ардақ Әшімнің "2015 жылдан бері созылмалы психикалық аурумен ауыратыны" жазылған.

Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық (ОҚО) ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылғаны хабарланған.
Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулары диспансері емдеу ісі бойынша дәрігердің орынбасары Шавкат Мирановтың Азаттыққа айтуынша, Ардақ Әшімді емдеу шаралары әлі басталмаған. Миранов Ардақ Әшімнің бұған дейін жүйке ауруымен ауыратындар есебінде тұрғаны, я тұрмағаны жөнінде оның заңды өкілінен өзге адамға мәлімет бере алмайтынын айтқан.

Бұдан бұрын полиция қызметкерлері Ардақ Әшімнің Шымкенттегі үйін тінткеннен кейін оны ОҚО ішкі істер департаментіне апарған. Белсендінің айтуынша, тергеушілер одан Қазақстанда қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қаншалықты қатысы барын сұраған және одан наурыздың 21-і мен 24-і аралығында ешқайда шықпау туралы қолхат алған соң босатқан.

Оқи отырыңыз: Белсендіні жүйке дерті ауруханасында күштеп "емдеп" жатыр

Бұған дейін Абай аудандық сотының судьясы Еркен Отарбаев сот тергеуі кезінде Ардақ Әшім Facebook желісінде "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жариялағаны анықталғанын", осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша іс қозғалғанын айтқан.

XS
SM
MD
LG