Accessibility links

БҰҰ басшысы Дональд Трампты Сирияға шабуылдан сақтандырды


Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы.
Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш пен АҚШ-тың бұрынғы президенті Джимми Картер Сириядағы соғыс жағдайды бақылаудан шығарып алуға әкеліп соқтыратынын ескертті.

Антониу Гутерриш 11 сәуірде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі вето қоюға құқығы бар елдер - АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей және Қытай өкілдерін шақырып, "жағдай тығырыққа тірелуі мүмкін екеніне байланысты қатты алаңдайтынын тағы да мәлімдегенін айтты. Гутерриш "жағдайдың бақылаудан шығып кетуін болдырмаудың маңызды екенін" айтты.

Ал АҚШ-тың бұрынғы президенті Джимми Картер Associated Press агенттігіне сұхбатында Трампты "Солтүстік Корея, Ресей немесе Сириядан төнетін қауіп-қатерді асыра көрсетіп немесе одан ары күшейтудің орнына елдің әлемдегі орнын сақтауға" шақырды.

93 жастағы Картер Трамптың Сирияда химиялық шабуыл жасалғанына жауап ретінде зымыран қолдануы "қауіпті болуы" мүмкін екенін, екі ядролық держава жанжалдасса, жағдай бақылаудан шығып кету қаупі барын айтты.

"Ол мен және басқа да президенттер сияқты кез-келген ядролық соққы бүкіл адамзатқа апатты болатынын жете түсінеді деп үміттенем" деді Картер.

Ресейлік кейбір ресми тұлғалар, оның ішінде Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі де Сирияға соққы жасаудың салдары "ауыр боларын" ескертті.


11 сәуір күні Трамп Дума қаласында ықтимал химиялық қару қолданылғанына жауап ретінде Сирияға зымыраннан соққы берілуі мүмкін екенін мәлімдеген. Думадағы шабуылдан 60-тан астам адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған.

Батыс елдері өткен сенбіде Сирияның Дума қаласына жасалған химиялық шабуыл Асад әскерінің ісі деп санайды. Дамаск мен Ресей бұл айыптауларды терістеп келеді.

XS
SM
MD
LG