Accessibility links

Түркіменстан оңтүстігіндегі Мары қаласында мемлекеттік азық-түлік дүкендері адам басына екі бөлке наннан ғана сатып жатыр. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен редакциясының тілшісі мен тәуелсіз басылымдар хабарлады.

Мемлекеттік дүкендерде нан мен азық-түлік алдын ала белгіленген бағамен сатылады.

"Қарапайым бөлке нан сөрелерде көп тұрмайды. Оны сатып алу үшін дүкеннің ашылуын күту керек. Халық кезекке тұрып жатқанда, нан таусылып қалады. Адам басына екі бөлке наннан ғана береді" деп хабарлады "Альтернативные Новости Туркменистана" басылымы.

Мары қаласында нан шектеулі мөлшерде сатылатынын Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі де растады. ​"Дүкенде кезекте тұрғандардың барлығына нан жетіспейді. Адам басына 1-2 бөлкеден ғана таратып жатыр. Нан жетпей қалғандары тағы әкелуін күтеді" дейді Түркімен қызметінің тілшісі. Оның айтуынша, қазір жергілікті наубайханаларда да нанға кезекте тұрғандар көбейген.

Бұған қоса халыққа арналған ұн да шектеулі мөлшерде сатылып жатыр. Оның өзі әдетте сапасыз болып шығады. Бұған дейін хабарланғандай, мемлекеттік дүкендерде адам басына бес килограмнан артық ұн сатпайды.

Бұның алдында Азаттық дереккөздері тұрғындар кебек пен жүгері ұнын тұтына бастағанын хабарлаған еді. Түркіменстан билігі елде азық-түлік дағдарысы туындағанын мойындамай отыр.

XS
SM
MD
LG