Accessibility links

"Мұнай ұрлығы" ісінде адвокаттар процессуалдық келісім туралы айтты


Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

Ақтөбеде "мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ" деген күдікпен ұсталған 26 адамның тоғызының адвокаттары 12 сәуір күні оларды бас бостандығынан айырмауды өтініп, прокуратурамен процессуалдық келісімге келгісі келетіндерін мәлімдеді. Бұл тоғыз сотталушы - мұнай тасымалдайтын көлік жүргізушілері. Адвокат Күләш Манько облыс прокурорының атына жазған өтінішінде 44 жастағы көлік жүргізушісі Руслан Дермұхановты бас бостандығынан айырмауды сұрайды. Кеше мұндай өтінішті тағы бірнеше адвокат жасады.

Прокуратура адвокаттардың өтінішімен сәуірдің 18-іне дейін танысып шығып, 18 сәуір күні пікір айтуы тиіс. Мемлекеттік айыптаушылар адвокаттардың өтінішімен танысып шыққанша, сот процесі тоқтатылатын болды. Сонымен қатар судья Ахметқали Молдағалиев бүгін тараптарға сот тергеуін 25 мамырға дейін аяқтау керегін айтты.

Еркін Ізбасар мен оның серіктеріне тағылып отырған үлкен айып – мұнай ұрлығы. Әзірше ұрланған мұнайдың нақты көлемі мен келтірілген шығынның жалпы сомасы туралы айтылған жоқ. Бұған дейінгі сот мәжілістерінде "ұрланған мұнай" құнын тергеушілер геология және жер қойнауын пайдалану департаменті маманы жасаған есепке сүйене отырып, 39 миллион теңге деп көрсеткен еді. Кейінгі отырыстарда түрлі сараптамалардан соң бұл соманың 16 миллион теңге болғаны туралы айтыла бастады. 11-12 сәуір күнгі сот отырысында "мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ жетекшісі" Еркін Ізбасар мен оның сенімді серігі деп сипатталатын Аухат Қалиев өздерінің мұнай ұрлығына "еш қатысы жоқ" екенін айтты.

2016 жылдың желтоқсанында Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе облысы және тағы кей облыстарда "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікті топты қолға түсіру операциясын жүргізген. Кейін сот операция барысында ұсталған жиырмадан астам күдіктіні қамауға санкция берген.

ҰҚК сонымен қатар "мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды салафизм бағытын ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны" туралы да хабарлаған.

XS
SM
MD
LG