Тәжікстанның Худжанд қаласында ата-аналардан мектеп жөндеуге ақша жинау басталды. Өткен жылы Тәжікстанның білім және ғылым министрлігі бұған тыйым салған еді.
Худжанд қаласының тұрғыны Мухайё Хакимованың хабарлауынша, мектеп директорлары ата-аналардан 50-ден 100 сомониге дейін ақша сұраған.
"Менің балам оқитын сыныпты жөндеу жұмыстарына 70 сомони (шамамен 8 доллар) қажет екенін айтты. Бұған қоса, ата-аналар ай сайын мектепті жөндеуге 10 сомониден беріп отыруы керек" деді ол.
Мектеп директоры ата-аналардан ақша жинауға мәжбүр екенін айтады. "Биыл мектеп жөндеуге 53 мың сомони (шамамен 6 мың доллар) бөлінген. Бұл қаражат электр қуаты, су, қоқыс шығару ақысына, компьютер сатып алуға және мектеп парталарын қалпына келтіруге жұмсалды. Бар болғаны 3 мың сомони қалды, бұл ақшаға мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес" деді Худжанд қаласындағы №30 мектеп директоры Абдурасул Кадыров.
Оның әріптесі, №8 мектеп директоры Хайриннисо Иброхимованың айтуынша, жақында олар жергілікті биліктен хат алған. Хатта мектепті жергілікті кәсіпкерлер мен оқушылардың ата-аналары есебінен жөндеуге кеңес берілген.
Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі Эхсон Сафарзоданың сөзінше, өткен жылы жазда министрлік ата-аналардан "заңсыз ақша жинауға" тыйым салған. Оның айтуынша, ата-аналар балаларының қосымша сабақтарына ғана ақша төлейді.