Accessibility links

АЕР/АР: Ресей сайлауы жайлы шынайы әрі адал ақпарат берілді


Азат Еуропа Радиосы / Азаттық Радиосы медиакорпорациясының Прагадағы штаб-пәтері
Азат Еуропа Радиосы / Азаттық Радиосы медиакорпорациясының Прагадағы штаб-пәтері

Ресей Федерациясы Кеңесінің мүшесі Андрей Климовтың "Ресей президенті сайлауы процесіне шетелдік ақпарат құралдарының араласқаны" туралы мәлімдемесіне қатысты жұма күні Азат Еуропа Радиосы / Азаттық Радиосы (АЕР/АР) медиакорпорациясы өкілі жұма күні комментарий берді.

"Азат Еуропа Радиосы / Азаттық Радиосының жаңалықтар қызметтері Ресейдегі президент сайлауы мен сайлауалды науқаны және оған қатысқан барлық кандидаттар туралы теңгерімді, адал әрі толымды хабарлар таратып, елдегі болып жатқан барлық оқиғаларды толық беруді қамтамасыз етті", - делінген АЕР/АР мәлімдемесінде.

Андрей Климов Ресейдегі президент сайлауы кезіндегі БАҚ қызметі туралы баяндама әзірлеп жатқан Ресей парламенті жоғарғы палатасының мемлекеттік егемендікті қорғау жөніндегі уақытша комиссиясын басқарады. Баяндама биыл наурызда өткен Ресей президенті сайлауында жеңіске жеткен Владимир Путиннің инаугурациясынан кейін мамыр айында жариялануы мүмкін.


Бейсенбіде РБК арнасына берген сұхбатында Климов "кей шетелдік БАҚ Ресей президенті сайлауына дауыс беру күні қарсаңында үгіт-насихат таратып, заң талаптарын бұзды", сонымен қатар "президенттікке кандидаттардың қызметі туралы тең көлемде хабар тарату принципін сақтамады" деп мәлімдеп, ондайлардың қатарында АЕР/АР медиакорпорациясы құрамына кіретін Азаттық радиосы Орыс қызметі (Радио Свобода) мен "Сибирь.Реалии", "Крым.Реалии", "Кавказ.Реалии", "Idel.Реалии" жобаларын, "Настоящее время" телеарнасын атаған. Бұған қоса, Климовтың сөзінше, "Голос Америки", ВВС телерадиокорпорациясының Орыс қызметі, германиялық Deutsche Welle және француздың RFI радиостанциялары да Федерация Кеңесі комиссиясы түзген тізімге енгізілген.

Өткен жылдың соңында Ресей әділет министрлігі "Голос Америки", Азат Еуропа Радиосы / Азаттық Радиосы (АЕР/АР) медиакорпорациясы мен оның "Фактограф", "Сибирь.Реалии", "Idel.Реалии", "Кавказ.Реалии", "Крым.Реалии" жобаларын және "Настоящее время" телеарнасын "Шетел агенті" деп танылған БАҚ тізіміне енгізген болатын.

XS
SM
MD
LG