Accessibility links

Қазақстандық құқыққорғаушылар саяси тұтқындар тізімін түзді


Блогер, азаматтық белсенді Ардақ Әшім сотта отыр. Шымкент, 2 наурыз 2018 жыл

Қазақстандық "Ар.Рух.Хақ" құқыққорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина сәуірдің 14-і күні Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында "Қазақстандағы саяси тұтқындар" тізімі туралы баспасөз баянын жариялады. Онда жергілікті "құқыққорғаушы ұйымдардың сараптамалық кеңесі" халықаралық Amnesty International ұйымы мен Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясы өлшемдері негізінде сәуірдің 4-і күні қабылдаған "Қазақстандағы саяси тұтқындардың" жаңартылған тізімі бар.

Бұл тізімге келесі адамдар енгізілген:

- Макс Боқаев - құқыққорғаушы, 2016 жылы сотталған;

- Талғат Аян - құқыққорғаушы, 2016 жылы сотталған;

- Әмин Елеусінов – кәсіподақ жетекшісі, 2017 жылы сотталған;

- Нұрбек Құшақбаев – кәсіподақ жетекшісі, 2017 жылы сотталған;

- Махамбет Әбжан - құқыққорғаушы, қоғамдық белсенді, 2017 жылы сотталған;

- Санат Бөкенов – құқыққорғаушы, 2017 жылы сотталған;

- Едіге Батыров – азаматтық белсенді, фермер, 2016 жылы сотталған;

- Ержан Оразалинов - эколог, азаматтық белсенді, 2016 жылы сотталған;

- Ярослав Голышкин - журналист, 2015 жылы сотталған;

- Санат Досов - азаматтық белсенді, блогер, 2016 жылы сотталған;

- Игорь Сычёв – интернет парақша администраторы, 2015 жылы сотталған;

- Руслан Гинатуллин - блогер, 2016 жылы сотталған;

- Наталья Уласик - блогер, азаматтық белсенді, 2016 жылы сот шешімі бойынша мәжбүрлі түрде емдеу мекемесіне жатқызылған;

- Саят Ыбырай - профессор, 2011 жылы сотталған;

- Игорь Чуприна - блогер, 2016 жылы сотталған;

- Әсет Матаев - журналист, 2016 жылы сотталған;

- Ескендір Ерімбетов - кәсіпкер, 2017 жылғы қарашаның 13-інен бері тұтқында;

- Ақмарал Тобылова – азаматтық белсенді, 2018 жылғы наурыздың 15-інен бастап үйқамаққа алынған;

- Ардақ Әшім - блогер, азаматтық белсенді, 2018 жылғы наурыздың 31-і күні емдеу мекемесіне мәжбүрлі түрде жатқызылған.


Бұл тізімдегі кей мәліметтердің ескіргені байқалады. Мысалы, сәуірдің 11-і күні сот профессор Саят Ыбырайды шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы қаулы шығарған. Сәуірдің 13-і күні Ақмарал Тобылова үйқамақтан босатылған. Дәл сол күні сот қауылысымен Талғат Аянның түрме мерзімінің өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылған. Қазақстандағы саяси тұтқындардың жаңартылған тізімінің қабылданғаннан кейін он күн өткенде ғана жариялануының себебін сұраған Азаттық тілшісінің сауалына құқыққорғаушылар сараптамалық кеңесінің үйлестірушісі Бақытжан Төреғожина оны "мәтінді қазақ және ағылшын тілдеріне аударуға байланысты" деп түсіндірді.

Қазақстандағы саяси тұтқындардың жаңартылған тізімінде жергілікті құқыққорғаушылар бұған дейін де саяси тұтқын немесе ар-ождан тұтқыны деп таныған адамдар: 18 жылға сотталған ақын әрі диссидент Арон Атабек (2006 жылдан бері түрмеде отыр); 2009 жылы 14 жылға сотталған "Қазатомөнеркәсібі" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев; 2012 жылы 12 жылға бас бостандығынан айырылған құқыққорғаушы Вадим Курамшин; 2015 жылы "діни алауыздық қоздырған" деген айыппен 4 жыл 8 айға сотталған Сәкен Тұлбаев бар.

Сараптамалық кеңеске қатысқан құқыққорғаушы Амангелді Шорманбаевтың Азаттыққа айтуынша, кеңес отырысы сәуірдің 4-і күні Қазақстанның адам құқығын қорғау жөніндегі бюросының кеңсесінде өткен. Шорманбаев Қазақстандағы саяси тұтқындар тізімін түзген кезде халықаралық құқыққорғау ұйымдарының өлшемдері есепке алынғанын құқыққорғаушы ретінде ғана емес, сонымен бірге заңгер ретінде растайтынын айтты.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Хашоггидің өліміне кім кінәлі?
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:38 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG