Accessibility links

Пара алған Приозерск экс-прокурорына сот айыппұл кесті


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қарағанды облысы Приозерск қаласының соты бұрынғы қала прокуроры Ержан Тұрысбековты пара алғаны үшін айыпты деп танып, 10 миллион теңгеге жуық көлемде айыппұл салды деп хабарлайды Tengrinews сайты.

Экс-прокурор 1 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған айыбын толық мойындаған және кінәсін мойындау туралы келісім жасаған. Сот Тұрысбековты Қылмыстық кодекстің "Пара алу" бабы бойынша айыпты деп танып, алған парасының отыз есе мөлшерінде, яғни 9 миллион 810 мың теңге көлемінде айыппұл салуға үкім еткен. Сотталушы аталған соманы үкім күшіне енгеннен бастап бір ай мерзім ішінде мемлекетке төлемесе айыппұл бас бостандығынан айыру жазасына алмастырылуы мүмкін. Сонымен бірге сот экс-прокурорды мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырған.


Биылғы ақпан айында Приозерск қаласының прокуроры Ержан Тұрысбековтың қылмыстық істі жабу үшін тұрғыннан пара алған деген күдікпен ұсталғаны туралы хабарланған.

Ержан Тұрысбеков 2016 жылы ақпанда Приозерск қаласының прокуроры болып тағайындалғанға дейін төрт жылға жуық Қазақстан Бас прокуратурасында тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау департаментінің аға прокуроры болып істеген.

XS
SM
MD
LG