Accessibility links

Сириядағы "Ресей жалдамалылары" туралы жазған журналист көз жұмды


Журналист Максим Бородин
Журналист Максим Бородин

Екатеринбургте Сирияда "Вагнер жеке әскери компаниясының" жалдамалы сарбаздары қаза тапқаны туралы алғаш болып хабарлаған журналист Максим Бородин қайтыс болды. "МБХ Медиа" сайтының хабарлауынша, журналист терезеден құлап, есін жимастан көз жұмған.

13 сәуір күні Бородиннің бесінші қабаттағы пәтерінің терезесінен құлап кеткені хабарланған еді. Ол ауыр жараланып, комаға түсіп, ауруханаға жеткізілген.

Бородин жұмыс істеген РИА "Новый день" агенттігінің бас редакторы Полина Румянцева журналист өліміне "кездейсоқтық немесе өзіне қол жұмсау болуы мүмкін емес" деген болжам айтады.

"Не болғанын түсіну үшін пәтерге кіруге рұқсат алу керек, біз сонымен айналысып жатырмыз. Егер қандай да бір қылмыстық істің нышаны байқалса, барлығыңызды хабардар етеміз" деді Румянцева. Оның сөзінше, Бородиннің өзіне қол салуына ешқандай себеп болмаған.

Бородин Сирияда "Вагнер жеке әскери компаниясының" Асбест қаласынан шыққан жалдамалы сарбаздарының 7 ақпанда халықаралық коалицияның әуе соққыларынан оққа ұшқаны туралы жазған.


7 ақпанда Сирияның Дейр-эз-Зор провинциясында Сирия президенті Башар Асад жағында соғысып жатқан жүздеген жалдамалы АҚШ-тың одақтасы - күрдтерге шабуылдаған. АҚШ авиациясы оған жауап ретінде әуеден соққы беріп, ондаған жалдамалы өлген.

Бұл ұрыстан соң ұзамай әлеуметтік желілерде, сосын БАҚ-та Сирияда Ресей азаматтары - "Вагнер жеке әскери компаниясы" жалдамалылары қаза тапты делінген ақпараттар пайда болған. Әрқилы деректер бойынша, ұрыста 200 адам қаза тапқаны хабарланған. Журналистер қаза тапқан 10 ресейліктің аты-жөнін анықтаған.

XS
SM
MD
LG