Accessibility links

Ереванда азаматтық бағынбау акциясы өтіп жатыр


Еревандағы азаматтық бағынбау акциясына шыққандардың жолын бөгеп тұрған полиция. Армения, 16 сәуір 2018 жыл.
Еревандағы азаматтық бағынбау акциясына шыққандардың жолын бөгеп тұрған полиция. Армения, 16 сәуір 2018 жыл.

Ереванда оппозиция жақтастары азаматтық бағынбау акциясын бастады. Оппозиция кеше парламентте 17 сәуірге белгіленген бұрынғы президент Серж Саргсяннің Армения премьер-министрлігіне кандидатурасына дауыс беруді болдырмау үшін акция өткізетінін жариялаған.

Азаттықтың Армян редакциясының хабарлауынша, акцияны ұйымдастырушы, "Азаматтық келісім" партиясының жетекшісі Никол Пашинян жақтастарымен бірге Ереванның орталығындағы бірнеше көшені жапты. Оларға студенттер де қосылып. Акциядан метро жұмысы 10 минутқа бөгелді, бірнеше көпір жабылды.

Армения полициясы "белсенділердің барлық іс-әрекеті заңсыз" екенін жариялап, олар бұл ісімен "азаматтардың еркін жүріп-тұру құқығын шектейтінін" мәлімдеді. Белсенділерге қарсы күш қолданылғаны туралы әзірге хабарланбады.

Никол Пашинян бастаған шерушілер бірнеше полиция бөгетінен өтті. Олар қолдарын жоғары көтеріп, полициямен қақтығысқа түспейтінін және акция бейбіт екенін білдірді.

Наурызда Армения парламенті бірінші рет ел президентін сайлап, 2015 жылғы конституциялық реформаны түпкілікті аяқтаған. Армения парламенттік басқару формасына көшті, енді елді премьер-министр басқарады. Іс басындағы Армения республикалық партиясы 14 сәуірде премьер қызметіне Серж Саргсянді ұсынған. Саргсян 2008-2018 жылдар аралығында Армения президенті болған.

Еревандағы азаматтық бағынбау акциясы

XS
SM
MD
LG