Accessibility links

"Зорланған" баланың сенімді өкілінің ісі жабық қарала бастады


Құрманғазы Мүсір, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы "зорланған баланың" сенімді өкілі.
Құрманғазы Мүсір, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы "зорланған баланың" сенімді өкілі.

Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты сарыағаштық "зорланған" 7-жасар бала мен оның отбасының сенімді өкілі Құрманғазы Мүсірдің әуелде ашық қаралған ісін бүгін жабық қарай бастады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Сот отырысына арызданушы, 7 жастағы балаға "әлімжеттік жасады" делінген оқушылар оқитын Баласағұн атындағы мектептің директоры Бейбіткүл Селтанова мен оның адвокаты және Қылмыстық кодекстің "жала жабу" бабы бойынша айыпталып жатқан Құрманғазы Мүсір қатысып отыр.

Істі қарап жатқан судья Еркебұлан Төлешовтың хатшысы Асылзат Сәмбетова Азаттық тілшісіне бүгінгі сот жабық өтетінін хабарлады. Сотқа келген Бейбіткүл Селтанованың қайын атасы, Сарыағаш аудандық мәслихатының депутаты Сапарғали Селтанов та сот отырысына кіргізілмеді.

Құрманғазы Мүсірдің Азаттыққа айтуынша, сот материалдарында "зорланды" деген баланың аты аталуына байланысты іс жабық қаралатын болған. Ол бүгінгі сотта өзіне адвокат жалдағанын және іспен танысу үшін соттан уақыт сұрағанын айтты.

Өткен сот отырысында судья видео, аудио және сурет түсіруге рұқсат бермеген.


Бейбіткүл Селтанованың адвокаты егер Құрманғазы Мүсір 14 наурыз күні кешке "зорланған" 7 жастағы бала мен оның әжесін поездан еркінен тыс түсіріп алып, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне алып барған кезде "қылмыстық істің ашылуына мектеп директоры Бейбіткүл Селтанованың туған қайнысы Бауыржан Селтанов бөгет жасап жатыр" деген сөзді ресми түрде жоққа шығарса бітімге келуге дайын екенін айтқан. Құрманғазы Мүсір айыптаушының бұл талабымен келіспейтінін жеткізген.

Судья екі жақты қайта бітімге шақырып, тараптардың сұрауы бойынша уақыт берген.

Оқи отырыңыз: Билік өкілдері "бала зорлау" дерегін жоққа шығарды

13 наурыз күні Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова Азаттыққа жеті жастағы жиенін былтыр тамыздан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағаны" туралы жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын айтқан. Бұл хабар әлеуметтік желіге кең тарап, жергілікті БАҚ-тың назарына ілініп, әлеуметтің ашу-ызасын тудырып, қатты талқылауға ұласқан.

XS
SM
MD
LG