Accessibility links

Шетелдік құқық қорғаушылар "саяси тұтқындармен" кездесті


Ескендір Ерімбетов, қамаудағы бизнесмен
Ескендір Ерімбетов, қамаудағы бизнесмен

Алматыдағы тергеу изоляторында 16 сәуірде шетелдік құқық қорғаушылар қазақстандық "саяси тұтқындармен" кездесті.

Польша Сеймінің (парламент) депутаты Марчин Свенчицкий мен Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының президенті Антонио Станго абақтыда жатқан бизнесмен Ескендір Ерімбетовпен, азаматтық белсенділер Алмат Жұмағұлов және Кенжебек Әбішевпен кездесті.

Абақтыдағы "саяси тұтқындармен" кездесуде әр тараптың ой-пікірлері тыңдалды. Кездесуге қатысқан шетелдік құқық қорғаушылар қатарында Польша мен Италиядан ғана емес, Румыния мен Испаниядан да өкілдер, Қазақстан билігінің, оның ішінде Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының, Алматы қалалық ішкі істер департаменті, қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өкілдері де болды.

"БТА банктен ұрланған қаржыны заңдастырмақ болды" деген айыппен тергеліп жатқан Ескендір Ерімбетов кездесуде абақтыда отырған кезінде өзін қинағаны, азаптағаны және көрген қиыншылықтары туралы ашық айтты. Свенчицкий мен Стангоның айтуынша, кездесуге қатысқандар Ерімбетовтен өзін азаптағаны туралы бұрын неге айтпағанын және ата-анасының оны азаптағаны туралы шағымына қатысты істі тергеген прокурор мен өзімен кездескен шетелдік психологтар мен тергеушілер алдында неге шешіліп сөйлемегенін сұрады. Ерімбетов бұған дейін өз өміріне қауіп төнеді деп қорыққанын, бірақ енді үрейленуден шаршағанын айтты.

Марчин Свенчицкий мен Антонио Станго Қазақстанға 14 сәуірде қаазақстандық бірнеше құқық қорғау ұйымының шақыртуымен келген. Олар екі күн бойы қазақстандық "саяси тұтқындардың" туыстарымен және қорғаушыларымен, оның ішінде мәжбүрлеп емдеуге жатқызылған блогер әрі белсенді Ардақ Әшімнің қызы Айнұр Әшіммен кездесті. Шетелдік құқық қорғаушылар сонымен қатар "Қазатомөнеркәсібі" компаниясының бұрынғы басшысы, сыбайлас жемқорлық айыбымен 14 жылға сотталып, түрмеде отырған Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеевпен де кездесті.


Свенчицкий мен Станго Қарағанды облысы аумағындағы Долинка кентінде түрмеде отырған Мұхтар Жәкішевке баруды жоспарлаған. Бірақ 16 сәуірде Қазақстан билігі оларды Жәкішевпен кездестіруден бас тартты. Свенчицкий мен Стангоның Азаттыққа айтуынша, билік Жәкішев қатаң режимдегі түрмеде отырғандықтан оған шетелдіктердің баруына болмайды деп түсіндірген. Олар жоспары өзгергеніне байланысты 17 сәуір күні Алматыда баспасөз конференциясын өткізбек.

Баспасөз мәслихатынан соң олар Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасарымен қайта кездесіп, кешке қарай еліне қайтады.

Шетелдік құқық қорғаушылар өздері жинаған ақпаратын Қазақстандағы құқық қорғау процесін халықаралық стандарттарға жақындатуға септесуге қолданбақ.

Свенчицкий мен Стангоның Азаттыққа айтуынша, кездесуде мемлекеттік органдардың өкілдері Қазақстандағы адам құқығын қорғау саласында "жетістіктер" барын айтқан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG