Астананың Алматы аудандық №2 соты дін істері және азаматтық қоғам министрлігі азаматтық қоғам істері комитетінің бұрынғы басшысы, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айыпталған Бауыржан Мусинді жеті жылға соттады. Астана қалалық сотының хабарлауынша, үкім 16 сәуір күні шыққан.
Бауыржан Мусин 2017 жылы наурыз айында "мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың мүддесін қорғағаны үшін" пара алды деген күдікпен ұсталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бұған дейін Мусиннің "кәсіпкерден жүйелі түрде пара алғанын" мәлімдеген. Жемқорлыққа қарсы қызмет Мусин алған параның жалпы көлемін 1,4 миллион теңге деп санайды. Министрлік Мусин ұсталған соң оның комитетте негізінен осы саланың қаржы-экономикалық мәселелеріне басшылық жасағанын мәлімдеген.
Сот сонымен қатар Мусинге мемлекеттік қызметте, мемлекеттік және жарғылық капиталында мемлекеттің үлесі 50 пайыздан асатын коммерциялық ұйымдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасын кесті.
Бұған дейінгі сотта Мусиннің қорғаушылары прокурор сұраған жаза мерзімімен келіспейтінін және айыптаушылар келтіріп отырған дәлелдер айыптау актісінде көрсетілмегенін мәлімдеген.
Былтыр қыркүйекте іс Астананың Есіл аудандық 2-сотында қарала бастағанда Бауыржан Мусиннің адвокаты Нұрлан Бейсеков іс бұл соттың қарауына жатпайтынын мәлімдеп, Астананың барлық судьяларына қарсылық білдірген. Сотталушы мен оның қорғаушылары бұған дейін істі кез-келген облыстық соттың қарауына беруді талап еткен.
Үкім заңды күшіне әлі енбеген.