Accessibility links

Ереванда Саргсянге қарсылық акциясы жалғасты


Ереванның орталығындағы көшелердің бірін жауып, қарсылық акциясын өткізіп жатқан демонстранттар. Армения, 17 сәуір 2018 жыл.
Ереванның орталығындағы көшелердің бірін жауып, қарсылық акциясын өткізіп жатқан демонстранттар. Армения, 17 сәуір 2018 жыл.

Армения астанасы Ереванда оппозициялық қозғалыстың жүздеген белсендісі парламенттің экс-президент Серж Саргсянді премьер-министр етіп сайлауына қарсылық танытып, орталық көшелерді тағы жапты.

Азаттықтың Армян редакциясының хабарлауынша, полиция Абовян көшесінде қозғалысты тоқтатпақ болған бір топ студентті алып кетті.

17 сәуірде Еревандағы Франция алаңында қалалық полиция қызметі басшысының орынбасары Валерий Осипян оппозициялық депутат, "Менің қадамым" бастамашыл тобының жетекшісі Никол Пашинянге 16 сәуірдегі полиция мен демонстранттар арасындағы қақтығысқа байланысты полиция "Жиналу еркіндігі туралы" заң негізінде демонстрацияны тоқтату туралы шешім қабылдағаны жайлы жазбаша ескерту тапсырды.

Пашинян ескерту қағазын оқымастан жыртып тастап, "Арменияда жаппай бағынбау акциясы басталды" деп мәлімдеді.

Кеше оппозициялық депутат Серж Саргсянның премьер-министр болып сайлануына жол бермеу үшін азаматтық бағынбау акциясын 17 сәуірде де жалғастыруға шақырған. Ол Армения парламентіне баратын барлық жолды жабуға шақырған.

Серж Саргсянді премьер-миинстр етіп сайлау мәселесі бүгін парламентте дауысқа салынбақ. Кеше полиция күшті тосқауыл құрып, Пашинянді және өзге үш депутат пен оппозицияның мыңдаған жақтасын парламентке қарай өткізбей қойған. Ондаған адам, оның ішінде Пашинян полициямен қақтығыста жараланған.

17 сәуірге қараған түні полиция Серж Саргсяннің резиденциясына жақын жерде де күзетті күшейтті. Бүгін парламент ғимаратына кіретін жерлерді полиция қоршап, тікенек темір тартып, техника әкеліп қойды. Бүгін қарсылық акциясын оппозициялық "Еркир цирани" партиясының жетекшісі Заруи Постанджян да өткізді. Кеше "Еркир цирани" полицияның демонстранттарға күш қолданғанын айыптаған.

Видео: Экс-президенттің премьер болуына қарсылық

XS
SM
MD
LG