Accessibility links

Ереванда полиция 60-қа тарта адамды ұстады


Еревандағы оппозиция жақтастарының шеруі. Армения, 17 сәуір 2018 жыл.
Еревандағы оппозиция жақтастарының шеруі. Армения, 17 сәуір 2018 жыл.

Арменияда экс-президент Серж Саргсяннің кандидатурасын премьер-министрлікке ұсынуға қарсы акциялар жалғасты. Ереванда демонстранттар белсенділерді полиция ұстап әкетіп жатқанына қарамастан акцияны тоқтатпақ емес. Азаттықтың Армян редакциясының хабарлауынша, Ереванда соңғы мәлімет бойынша, полиция 59 адамды ұстап әкеткен. Оларға әкімшілік құқық бұзды деген айып тағылған.

Демонстранттар Франция алаңындағы митингіден соң үкімет үйі жаққа қарай бет алды. Оппозицияшыл депутат, "Менің қадамым" бастамашыл тобының жетекшісі Никол Пашинян Франция алаңындағы митингіде елде "революциялық жағдай" орнағанын мәлімдеп, "халықтық күш қолданбайтын барқыт төңкерісі" басталғанын жариялады.

Никол Пашинян акция кезінде кешке жоспарланған митинг Франция алаңынан Республика алаңына ауыстырылатынын және ол сағат 18:30-да басталатынын айтты. Республика алаңында негізгі үкімет ғимараты орналасқан.

Пашинян бұған дейін премьер-министр кандидатурасы дауыс салынатын Армения парламентіне баратын барлық жолды жабуға шақырған. Кеше биліктегі Армения республикалық партиясы мен "Дашнакцутюн" Армян революциялық федерациясының фракциясы Серж Саргсянді премьер-министрлікке кандидат етіп ұсынуды қолдаған.

Акцияға қатысушылар Саргсянді "билікті басып алды" деп айыптайды. Саргсян 2007-2008 жылдары Армения премьер-министрі, одан кейінгі 10 жылда президент болған. Биыл аяқталған конституциялық реформадан соң Армения парламенттік басқару формасына өткен. Енді елді іс жүзінде премьер-министр басқармақ.

XS
SM
MD
LG