Accessibility links

Informburo.kz сотында лингвист тыңдалды


Журналист Серікжан Мәулетбай және адвокаты Жанна Уразбахова және Art Asia өкілі. Алматы, 10 сәуір 2018 жыл.
Журналист Серікжан Мәулетбай және адвокаты Жанна Уразбахова және Art Asia өкілі. Алматы, 10 сәуір 2018 жыл.

Сәуірдің 17-сі күні Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында журналист Серікжан Мәулетбай мен informburo.kz сайтына қарсы шағым бойынша сот отырысы өтіп, лингвист Рахиля Қарымсақованың лингвистикалық сараптама қорытындысы тыңдалды.

Лингвист 2016 жылы шыққан "Как турфирмы разводят лохов-туристов, не преступая закон" атты мақалада Art Asia компаниясы туралы оқырмандарда теріс пікір қалыптастыратындай тіркестер қолданылғанын айтып, "бұл оқырмандарды жаңылдырады" деді. Бұған қоса, сот құжаттарын қолдану кезінде журналистің тек шағым берушілердің пікірлерін ғана келтіріп, біржақты болғанын айтты. Ол сонымен бірге мақаладағы “разводят лохов-туристов” деген тіркестер агрессивті маркетинг тәсіліне жатуы мүмкін деген болжам жасады.

Лингвист пікірімен келіспеген жауапкер жақ сотта лингвист маманның тек сұрақтарға жауап беру керектігін, өзінің міндетіне кірмейтін функцияны атқарып, жауапкердің әрекетіне заңдық баға берді деді. Бұған қоса, Азаматтық кодекс, Азаматтық-процессуалды кодекстерге сілтеме жасап, этикалық нормаларды да бұзды деді. Олар лингвист маманға сенімсіздік танытып, судьяға маманды ауыстыру туралы өтініш жасады.

Лингвист тыңдалғаннан кейін судья Дінмұхамед Адайбаев жарыссөз бастауға ниет білдіріп еді, шағым беруші тарап басқа жақта сот процесіне кешігетінін айтып, жарыссөзді келесі сот процесіне қалдыруды өтінді. Судья оның өтінішін орындады. Сотты бақылап отырған "Әділ сөз" ұйымының заңгері Елена Малыгина Азаттыққа:

-Лингвистикалық сараптама, шынымды айтсам, таңқалдырды. Бұл жерде сараптаманың журналистке қарсы екені анық көрініп тұр. Оны түсіндіру жағы да сәтсіз шыққан. Тіпті судьяның өзі әрең түсінді. Сараптама қортындысының бұлайша болатынын күткен жоқпын, - деді.

Келесі сот отырысы 23 сәуірде болады. Сотқа шағым түсіруге негіз болған мақала 2016 жылдың қараша айында жарияланған. Журналист Серікжан Мәулетбайдың "Как турфирмы разводят лохов-туристов, не преступая закон" атты мақаласында туристерді таймшер арқылы алдайтын фирмалар туралы айтылған.

Art Asia компаниясының өкілі бұған дейін сотта компанияның ешкімді алдамайтыны сот арқылы дәлелденгенін айтып, мақалада осы тұсы жазылмаған және "біржақты ақпарат берілген" деп айыптаған.

Ал ақпарат құралы өкілдері туристік фирманың іскерлік беделіне нұқсан келгені туралы дәлел жоғын айтып, мақалада нақты бір фирма айыпталмайды деген уәж айтады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG