Accessibility links

Жээнбеков журналиске шағымын қайтарып алды


Кабай Карабеков, Қырғызстан журналисі.
Кабай Карабеков, Қырғызстан журналисі.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков журналист Кабай Карабековтен талап еткен материалдық төлемнен бас тартты деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз редакциясы. "Бүгін президент тиісті құжатқа қол қойып, ол сот орындаушыларына жіберілді" деді Кабай Карабеков Азаттыққа. Журналистің сөзінше, өзіне шетелге шығуға салынған шектеу де жойылған.

Былтыр қыркүйекте сол кезде президенттіктен үміткер болған Жээнбеков өзін "радикалды араб ұйымдарымен байланысы бар" деп айыптайтын материал авторын сотқа бергенін хабарлаған. Бұл материалды "24.kg" сайтына Жогорку Кенештің экс-депутаты Кабай Карабеков жариялаған. Шағымданушы мақала авторы мен ақпарат агенттігінің әрқайсысынан 5 миллион сомнан (72 мың доллардан астам) өндіріп беруді талап еткен.

Былтыр қазан айында Бішкек қаласы Свердловский ауданының соты Сооронбай Жээнбековтің "24.kg" агенттігі мен Кабай Карабековке жазған арызын қанағаттандырған.

Ал ақпанның басында Жээнбеков "24.kg" агенттігінен 5 миллион сом моральдық өтемақы талап еткен арызын қайтарып алып, осының негізінде агенттікке қарсы іс қысқартылған. Бірақ мақала авторынан моральдық өтемақы өндіріп алу талабы күшінде қалған. Карабеков бес миллион сомды төлемегендіктен оның Қырғызстан аумағынан шығуына тыйым салынған еді.

XS
SM
MD
LG