Accessibility links

Әкімдік пен "Үміт" қоры соты жарыссөзге таяды


"Үміт" қорының директоры Әсел Акимеева сот процесінде. 18 сәуір 2018 жыл.
"Үміт" қорының директоры Әсел Акимеева сот процесінде. 18 сәуір 2018 жыл.

18 сәуірде Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында Алматы әкімдігі мен қоғамнан оқшауланған қиын балаларға көмектесумен айналысатын халықаралық “Үміт” балалар қоры арасында сот отырысы өтті. Әкімдік "қор жалға алған шағын ғимаратты ақысын төлемей, заңсыз пайдаланып отырғанын" айтып, ғимаратты босатуды талап етіп отыр. Әкімдік қордан қарызды төлеуді де талап етті.

Отырысқа жауапкер жақтың заңгері келе алмағандықтан қордың бас директоры Әсел Акимеева сотты кейінге шегеруді сұраған еді, бірақ судья бұл өтініші қанағаттандырмады. Істі қараған судья Зейнекүлтай Мадыбаева “істің жарыссөзге таяғанын айтып, жаңа деректер қабылданбайтынын” айтып әкімшілікке қарсы шағым түсіру арызын іске қосу туралы қордың өтінішін де қабылдамады.

Судья шағым беруші тараптан қормен жасасқан келісім-шарттың негізгі бөлігі – қабылдау-тапсыру актісін сұраған. Ал әкімшілік заңгері Радмир Жүсіпов уақыттың аздығына байланысты архивтен тауып үлгермегенін айтты.

Шамамен бір сағатқа созылған сот отырысында екі жақтың дауына негіз болған ғимаратты жалдау шарттары, өзара жазысқан хаттар мен құжаттар мәселесі талқыланды. Судья жауапкерден “әкімдік қордың ғимараттан кетіп, қарыздарды төлеуді талап етіп отыр. Сіз бұл талаппен келісесіз бе?” деген кезде Әсел Акимеева: “Қор ғимаратты жөндеуге бір жарым миллион теңге жұмсады. Бұл сома әкімдік көрсеткен қарыз сомасымен сәйкес келеді. Біз осы соманың есептелгенін қалаймыз” деп жауап берді.

Судья Мадыбаева әкімдіктің талап етілген құжатты әкелмеуіне байланысты сот процесін шегеруге мәжбүр болып отырғанын айтып, жарыссөзді 19 сәуірге белгіледі.

Қиын балалар мәселелерімен айналысатын “Үміт” халықаралық балалар қоры даулы ғимаратты Алматы облысы әкімдігінен 2009 жылы алған. Ал сәл кейінірек ғимарат Алматы қалалық әкімдігіне өтіп, содан бері қорды мекемеден шығаруға күш салып келген. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қор әкімдікпен жасалған келісім-шарт шарттарын бұзып, жалға алу ақшасын төлемеген. Бұған дейін жергілікті билік қордың әкімдікке 2,1 млн теңге қарыз екенін айтқан еді. Ал қор өкілдері егер қоғам қорды қажет емес деп санаса, қорды жауып, кетуге даярмыз деп отыр. Дерек бойынша, тоғыз жыл ішінде Үміт қоры елде 187 жасөспірімнің қоғамға бейімделуіне көмектескен. Үміт балалар қоры Қазақстанда 17 жыл бойы жұмыс істеп келеді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG