Accessibility links

"Мұнай ұрлау ісінде" прокурорлар процессуалдық келісімнен бас тартты


Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты (Көрнекі сурет).
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты (Көрнекі сурет).

Ақтөбеде "мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың" сотында прокурорлар процессуалдық келісімге келмейтіндерін мәлімдеді деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Прокуратураның мәліметінше, осыған дейінгі сот отырысында процессуалдық келісім туралы айтқан сотталушылар мен олардың адвокаттары қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарына сәйкес кінәсін мойындау және барлық талаптармен келісіп, процессуалдық келісім жасау шартын толық орындамаған.

"Байғанин ауданындағы Ащыкөл кеніші және Темір ауданындағы Кеңқияқ кенішіне келтірілген шығынды өтеу үшін әзірше зардап шегуші тараптан келісім алынған жоқ. Оның үстіне сотталушылардың бірі - Саясат Дүсіповтің аталмыш кеніштерге келтірілген шығын көлеміне қатысты уәжі бар. Сонымен қатар, бұл эпизод бойынша қылмыстық істің басқа да қатысушыларына айып тағылған. Сот істі әлі де қарап жатыр. Мұндай жағдайда сотталушылармен процессуалдық келісім жасау сот тергеуінің объективтілігі мен жан-жақтылығына кері әсер етеді" деді мемлекеттік айыптаушылар.

"Мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ" мүшелері деген күдікпен ұсталған 26 адамның тоғызының адвокаты 12 сәуір күні оларды бас бостандығынан айырмауды өтініп, прокуратурамен процессуалдық келісімге келгісі келетіндерін мәлімдеген. Бұл тоғыз сотталушы - мұнай тасымалдайтын көлік жүргізушілері.


"Қылмыстық топты басқарды" делінген Еркін Ізбасар мен оның серіктеріне тағылып отырған үлкен айып – мұнай ұрлығы. Әзірше ұрланған мұнайдың нақты көлемі мен келтірілген шығынның жалпы сомасы туралы айтылған жоқ. Бұған дейінгі сот мәжілістерінде "ұрланған мұнай" құнын тергеушілер геология және жер қойнауын пайдалану департаменті маманы жасаған есепке сүйене отырып, 39 миллион теңге деп көрсеткен еді. Кейінгі отырыстарда түрлі сараптамалардан соң бұл соманың 16 миллион теңге болғаны туралы айтыла бастады. 11-12 сәуір күнгі сот отырысында Еркін Ізбасар мен оның сенімді серігі деп сипатталатын Аухат Қалиев өздерінің мұнай ұрлығына "еш қатысы жоқ" екенін айтты.

2016 жылдың желтоқсанында Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе облысы және тағы кей облыстарда "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікті топты қолға түсіру операциясын жүргізген. Кейін сот операция барысында ұсталған жиырмадан астам күдіктіні қамауға санкция берген.

ҰҚК сонымен қатар "мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды салафизм бағытын ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны" туралы да хабарлаған.

XS
SM
MD
LG