Accessibility links

Трамп: Санкция Кремльдің әрекетіне қарай салынады


Дональд Трамп, АҚШ президенті.
Дональд Трамп, АҚШ президенті.

АҚШ президенті Дональд Трамп 18 сәуірде Ресейге қарсы жаңа санкцияны "Кремль өзі соған лайықты іс жасағанда" салатынын мәлімдеді.

Дональд Трамп бұл жайында Вашингтонда Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен бірге өткізген баспасөз мәслихатынан соң журналистер қойған сауалдарға жауабында айтты. АҚШ президенті: "Президент Дональд Трамптан өзге ешкім Ресейге қатысты осыншалықты қаталдық танытқан жоқ. Таяуда ғана Сирияда біздің әскеріміз бен Ресей әскерінің арасында кескілескен ұрыс болды және ол өте қайғылы жағдай. Ол ұрыста көп адам қаза тапты" деді.

Президент Трамп америкалық БАҚ-тың "Кремльге қатысты жұмсақ саясат ұстанады деп негізсіз тұжырым жасайтынына" қынжылды. "Бірақ Дональд Трамптан басқа ешкім қатал бола алмағанын сіздерге Ресейдің өзі айтады" деді ол.

Бірнеше күн бұрын БАҚ Трамп әкімшілігінде Сирияда химиялық қару жасауға қатысы бар делінген ресейлік компанияларға жаңа санкциялар салуға қатысты келіспеушілік барын хабарлаған. 5 сәуірде АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли Ресейге қарсы санкция 16 сәуірде жарияланатынын хабарлаған еді. Бірақ дүйсенбіде санкция жарияланбады. Ал Трамптың айналасындағы дереккөздері Ақ үй санкция салу жоспарынан Сирия армиясының әскери зертханасы мен химиялық қару қоймасына жасалған әуе шабуылдарына қатысты Кремльдің ұстамдылық танытып отырғанына байланысты бас тартылғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG