Accessibility links

"Астана банкі" Назарбаевтың мәлімдемесін терістеді


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті.

"Астана банкі" өзінің тұтынушылары, серіктестері мен несие берушілері алдындағы барлық міндеттемесін "тұрақты орындап отырғанын" мәлімдеді. Банк бұл мәлімдемесін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдегі бірнеше банктің көрсеткішін "қорқынышты" деп атаған соң жасап отыр.

18 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк қызметін қорытындылаған жиында "жұмысын сәтсіз жүргізіп, одан ары мемлекеттен қолдау көрген банктердің ешқандай нәтиже көрсетпегенін" айтқан.

"Сондықтан барлығына Ұлттық банкті қыспаққа ала беруді тоқтатуға кеңес беремін. Қазір "Эксимбанк", "Астана банкі" және Qazaq Bank банктері акционерлері нашар басқарып, салымшыларына жауап бере алмай, қарыз болып қалғандықтан көрсеткіштері нашарлап кетті. Олар қалай жұмыс істей алады? Парламент депутаттарын араластырып, Ұлттық банкке қысым жасай беруді тоқтатыңыздар деп тағы да айтам" деген Назарбаев.

"Астана банкі" капитал көлемі, активінің өтімділігі және прцденциялық нормативтер бойынша қадағалаушы орган - Ұлттық банктің талаптарына сай екенін айтады.

"Бұған аталған көрсеткіштер бойынша Ұлтық банктің бізге ешқандай талап-тілегі жоғы және банктің несие рейтингі 2018 жылғы сәуірдің басында "B-/B" деңгейінде тұрғаны дәлел бола алады" делінген "Астана банкінің" Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланған ақпаратта.

Банк бұған қоса жұмыс істегелі дефолт болмағанын және мемлекеттен қолдау көрмегенін айтады.

"Қаржы және РЕПО келісімдері бойынша талап етілетін өтімділігі жоғары актив көлемі 60 миллиард теңгеден асады. 170 милилард теңгеден асатын несие портфелі заманауи бизнес орталықтары, жылжымайтын мүлік және тұрғын үйлер және қаржы арқылы сенімді кепілдендірілген. Банктің өз меншігінде құны 55 миллиард теңгені құрайтын жылжымайтын мүлік нысандары бар" делінген банк ақпаратында.

XS
SM
MD
LG