Accessibility links

Ақтауда ауылдағы кәсіпкер әйелдер форумы өтіп жатыр


Ақтаудағы ауылдық жердегі кәсіпкер әйелдер форумына қатысушылар. 19 сәуір 2018 жыл.
Ақтаудағы ауылдық жердегі кәсіпкер әйелдер форумына қатысушылар. 19 сәуір 2018 жыл.

Ақтауда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) гендерлік теңдік бағдарламасы аясында ауылдық жердегі кәсіпкер әйелдердің форумы өтіп жатыр деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Оған Маңғыстау облысының барлық ауданынан келген кәсіпкер әйелдер қатысып жатыр. Тренер Гүлнара Кушмурзина мұндай бас қосудың ауылдағы кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдер үшін маңызды екенін айтады.

- Қаладағы кәсіпкер әйелдерге қарағанда ауылда бизнеспен айналысатын әйелдерге өте қиын, олар несиеге де қол жеткізе алмайды. Бизнесті жүргізуде көп қателіктерге ұрынады. Бұндай бас қосулар олардың лидерлік қабілетін арттырады, - дейді ол

Мұнайлы ауданынан келген Дәметкен Айтжанова "био-гумус" деп аталатын таза, органикалық тыңайтқыш шығару арманы екенін айтты. Ол тиісті қаражат пен қажетті орыны болмағандықтан әзірге органикалық тыңайтқыш өндіруге мүмкіндік беретін Калифорния құрттарын ауласында өсіріп жүр.

- Маған кәсібімді бастау үшін он миллион теңге ақша керек. Оған адамдарды жұмысқа алып, жерді қоршап, трактор сатып аламын. Содан соң сол жерде жылыжай салып, өнім алмақпын. Себебі адамдар таза өнімнің қандай болатынын көзімен көруі керек, - дейді кәсіпкер әйел.

Дәметкен Айтжанованың сөзінше, оған Мұнайлы ауданының әкімдігі 2,5 гектар жер берген. Бірақ коммуникация тартылмағандықтан, кәсіпкер ол жерді әзірге қалай игеретінін білмейді.

Жиынға қатысушылар кәсіпті өркендетудегі кедергілер мен олардан өту үшін не істеу керектігін талқылады. Ақтаудағы іскер әйелдер форумы ертең де жалғасады. Ертең олар өз кәсіптері туралы көрме өткізбек.

XS
SM
MD
LG