Accessibility links

"Үміт" қоры сотта жеңілді


"Үміт" қорының директоры Әсел Акимеева сот процесінде. 18 сәуір 2018 жыл.
"Үміт" қорының директоры Әсел Акимеева сот процесінде. 18 сәуір 2018 жыл.

19 сәуірде Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қала әкімдігінің “Үміт” балалар қорының үстінен түсірген шағымын толығымен қанағаттандырды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне қордың бас директоры Әсел Акимеева және оның заңгері Амангелді Шорманбаев хабарлады. Алматы әкімдігі соттан қорды өздеріне тиесілі ғимараттан шығарып, жалға алу құнын өндіріп беруді сұраған еді.

- Сот тіпті әкімдік көрсеткен сомадан артық ақшаны айтып отыр. Әзірге жалпы сомасын айта алмай отырмын. Сот шешімі бес күннен кейін қолымызға тиеді. Сол кезде сіздерге жібере аламыз, - деді қор басшысы.

Әсел Акимеева қиын балаларға қолдау көрсетіп келген қорды енді жабуға тура келетінін де айтады. Азаттық Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына хабарласқанмен жауап ала алмады. Бұған дейін қор өкілдері ғимаратты жөндеуге бір жарым миллион теңге жұмсалғанын, соттың соны есептегенін де қалайтынын айтқан еді. Бірақ судья Зейнекүлтай Мадыбаева жарыссөздің басталатынын айтып, жауапкер жақтың бұл өтінішін іске қоспады.

Қиын балалар мәселелерімен айналысатын “Үміт” халықаралық балалар қоры даулы ғимаратты Алматы облысы әкімдігінен 2009 жылы алған. Ал сәл кейінірек ғимарат Алматы қалалық әкімдігіне өтіп, содан бері қорды мекемеден шығаруға күш салып келген. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қор әкімдікпен жасалған келісім-шарт шарттарын бұзып, жалға алу ақшасын төлемеген.

Бұған дейін жергілікті билік қордың әкімдікке 2,1 млн теңге қарыз екенін айтқан еді. Ал қор өкілдері егер қоғам қорды қажет емес деп санаса, қорды жауып, кетуге даярмыз деп отыр. Дерек бойынша, тоғыз жыл ішінде Үміт қоры елде 187 жасөспірімнің қоғамға бейімделуіне көмектескен."Үміт" балалар қоры Қазақстанда 17 жыл бойы жұмыс істеп келеді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG