Accessibility links

Ақын әрі белсенді Әбішевті қамау мерзімі ұзартылды


Белсенді Кенжебек Әбішев (ортада) әйелі Гүлмира Әбішевамен бірге сотта отыр. Алматы, 19 сәуір 2018 жыл.
Белсенді Кенжебек Әбішев (ортада) әйелі Гүлмира Әбішевамен бірге сотта отыр. Алматы, 19 сәуір 2018 жыл.

Алматының Алмалы аудандық сотының тергеу судьясы Марал Жарылғасова тергеу абақтысында қамауда отырған ақын әрі азаматтық белсенді Кенжебек Әбішевті қамауда ұстау мерзімін тағы бір айға ұзартты. 19 сәуір күні кешке шығарылған сот қаулысы бойынша, "терроризмге шақырды" деген күдікті 51 жастағы Әбішев абақтыда кем дегенде 28 мамырға дейін болады. Судья Жарылғасованың айтуына қарағанда, күдікті сот шешіміне үш күн ішінде шағымдана алады.

Сот отырысы басталғанда адвокат Гүлнар Жауспаева судья Жарылғасоваға оны сот басталғаннан өзін "әділ судья" ретінде көрсетпеді деп қарсылық білдірді. Бұдан соң кеңесу бөлмесіне шығып кетіп, қайта оралған судья өзіне қарсылықты қабылдаудан бас тартатынын жариялады. Судья сонымен қатар бұл шешімді өзі шығарғанын әрі оған шағымдануға болмайтынын айтты.

Күдікті Кенжебек Әбішевті сотқа айдауыл қолын кісендеп алып келді.

Прокуратура өкілі Әділхан Сабыров сотта тергеуші Толғанай Ержанованың Әбішевті қамау мерзімін 28 мамырға дейін ұзарту өтінішін қолдады.

Сотта сөйлеген Кенжебек Әбішев өзін "патриот ақын" болғаны үшін ғана кінәлі атанғанын айтты. Әбішевтің сөзінше, ол ақын ретінде билікті сынамай тұра алмайды, бірақ билікті сынау қылмыс саналмайды. Ол "ҰҚК мен бұрынғы банкир әрі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің арасындағы күресте қосақ арасында қалып қойғанын" айтты.

- Жүйемен күресу керек пе, әлде олигарх Әблязовпен күресу керек па, ол жағын білмеймін, - деді Кенжебек Әбішев.

Ол Әблязов құрған, Қазақстан билігі тыйым салған "Қазақстанынң демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысына селқос қарайтынын және "ваххабит-салафиттерге" қарсы екенін айтты. Ол соттан өзін қамаудан босататындай бұлтартпау шарасын қолдануды сұрады.

Адвокат Жуаспаева Әбішевтің төрт баласы, үлкені 18-де, кішісі 8-де екенін айтып, оны қамаудан босатуды сұрады. Адвокат күдіктінің созылмалы сырқаттары барын, сондықтан оған қамауда отыруға болмайтынын айтты.

Кенжебек Әбішев 2017 жылы қарашада Алматыда полицияның "терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру" ісін тергеуі аясында ұсталып, 28 қарашада қамалған. Әбішев Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлімі ("Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру") бойынша қозғалған істе күдікті деп танылған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG