Accessibility links

Заречный түрмесіндегі тұтқындардың туыстары түрме басшылығымен кездесті


ЛА-155/12 түрмесінің алдында тұрған сотталушылардың туыстары. Заречный кенті, Алматы облысы, 23 сәуір 2018 жыл.
ЛА-155/12 түрмесінің алдында тұрған сотталушылардың туыстары. Заречный кенті, Алматы облысы, 23 сәуір 2018 жыл.

Алматы облысының Заречный кентіндегі ЛА-155/12 түрмесіндегі тұтқындардың туыстары 23 сәуірде түрме алдына жиналды. Олар өздеріне жеткен мәлімет бойынша, 17 сәуірде колонияда тексеру шараларын жүргізу кезінде "тұтқындар азапталып, тіпті кейбірінің майып болғандықтан" түрме басшылығымен кездестіруді талап етті. Бұл жайында Азаттық тілшісіне құқық қорғаушы Елена Семенова телефонмен хабарлады. Семенованың сөзінше, тұтқындардың туыстары өздерін осы түрменің ғана емес, облыстық түрме жүйесі басшылығының, оның ішінде қылмыстық атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) бастығы, арнайы прокурор мен басқа да лауазымды адамдар қабылдап, арызын тыңдағанына таң қалды. Кездесуге басқа түрмелердің, оның ішінде Заречныйда орналасқан өзге жалпы және қатаң режимдегі түрмелердің де басшылары қатысқан.

Азаттық тілшісі ЛА-155/12 түрмесінің басшысымен сөйлесе алмады, бірақ түрменің басқа қызметкерлері бүгін түске дейін түрме аумағында Семенова айтқандай кездесу болғанын растады. Олардың сөзінше, түстен кейін облыстық түрме жүйесі басшылары жақын аймақтағы басқа да түрмелердің басшыларымен кездесіп жатыр.

Елена Семенованың Азаттыққа айтуына қарағанда, ҚАЖД басшылығы тұтқындардың туыстарына өткен аптадағы жағдай резонанс тудырғанын, сондықтан бұл жерге жағдайға өз көзімен қанығу үшін келгенін айтты. Семенованың сөзінше, арнайы прокурор түстен кейін сотталғандарды жинап, әрбіріне қандай да бір арыз-шағымын жазуға қағаз бен қалам үлестіреді. Прокурор сотталушылар әдетте жалғыз жарым болғанда арызданудан қорқатынын, бұл жолы бірге болғанда шағым білдіруден қорықпауы мүмкін екенін айтады.

Сотталушылардың туыстары өздеріне түрлі арнамен жеткен арыздарды, оның ішінде тұтқын Балаби Түрембеков пен Андрей Ефановтың және Думан Шаяхметтің арыздарын келтірген. Бұл тұтқындардың 17 сәуір күнгі шарада өздерін ұрып-соққаны туралы арызы Елена Семеновада бар. Ол бұл арыздар туралы ҚАЖД мен прокуратура өкілдеріне хабарлаған.

"Халықаралық түрме реформасының" (PRI) Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігінің директоры Азамат Шамбилов 21 сәуір күні кешке әлеуметтік желіде өзіне тұтқындардың туыстарынан Заречный кентіндегі колонияда отырған тұтқындар арасында колонияда ішкі әскер жасақтарының "азаптауы мен қатыгездік әрекеттерінен зардап шеккендер бары" туралы ақпарат түскенін хабарлаған.

Шамбиловтің айтуынша, ішкі әскер сарбаздары қатаң режимдегі ЛА-155/12 колониясындағы тұтқындарды 17 сәуірде ұрып-соққан.

Алматы облысы бойынша қылмыстық атару жүйесі департаменті бұған дейін Азаттыққа ЛА-155/12 түрмесінде 17 сәуірде "жоспарлы тінту шаралары" өткізілгенін және оның барысында "қоғамдық тәртіп бұзылмағанын" айтқан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG