Accessibility links

Армения премьерінің өкілеті уақытша Карапетянға өтті


Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы Карен Карапетян. Ереван, 23 сәуір, 2018 жыл

Сәуірдің жиырма үшін күні Арменияның бірінші вице-премьері Карен Карапетян үкіметтің кезектен тыс отырысын өткізді.

Армения үкіметі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кезектен тыс отырыста "Үкімет құрылымы және қызметі туралы" заңның 7-бабы, 14-бөліміне сәйкес және премьер-министр Серж Саргсянның отставка туралы мәлімдемесіне байланысты премьер-министрдің қызметін жалғастыра алмайтыны хабарланған.

Осыған байланысты Армения премьер-министрінің 2018 жылғы 21 сәуірдегі N 412-L жарлығына сәйкес премьер-министр болмай қалған немесе өкілетін жалғастыра алмай қалған кезде оның жұмысын бірінші орынбасары атқарады.

22 сәуір күні премьер-министр Серж Саргсян мен оппозиция жетекшісі, депутат Никол Пашинян кездескен. Саргсян Пашинян талап еткен отставкаға қатысты келіссөзді жалғастырудан бас тартып, залдан шығып кеткен. Сол күні Пашинян қамауға алынған. 23 сәуір күні толқу күшейе түсіп, Саргсян отставкаға кететінін жариялады. Ал Пашинян қамаудан босатылды.

Саргсян соңғы президенттік мерзімі аяқталар тұста 2015 жылы Арменияда саяси реформа жасап, конституцияға өзгеріс енгізіп, елдің саяси құрылымын квази-президенттіктен парламенттік жүйеге ауыстырған. 9 сәуірде Серж Саргсянның жақын серіктерінің бірі Армен Саркисян Арменияның жаңа президенті ретінде қызметке кіріскен. Ал Саргсянның өзі 17 сәуірде премьер-министр болып сайланып, саяси тәжірибесін жаңа буын жетекшілеріне үйретіп кететінін айтқан еді. Пашинян бастаған оппозиция Саргсянды билікті жеке дара иеленуге тырысып жатыр деп айыптап келген.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG