Accessibility links

Курамшиннің ісі бойынша сот тағы да кейінге қалдырылды


Вадим Курамишин. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.
Вадим Курамишин. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.

Өскемен қалалық №2 соты 24 сәуір күні азаматтық белсенді Вадим Курамшиннің өзіне кесілген жаза мерзімін азайту туралы өтінішін қарауды кейінге қалдырды. Сот Курамшиннің арызын қарауды осымен екінші рет кейінге қалдырып отыр, сот Курамшиннің арызын қарауды бұған дейін - 16 сәуір күні де кейінге қалдырған еді.

Бүгінгі сотқа Вадим Курамшинді Өскемендегі жазасын өтеп жатқан ОВ-156/20 колониясынан алып келді, себебі бұған дейінгі сотта түрмемен бейнебайланыс орната аламаған. Курамшиннің өкілі Алексей Божковтың Азаттыққа телефон арқылы айтуынша, сот іс материалдарын зерттеу үшін 27 сәуірге қалдырылған. Божковтың сөзінше, Курамшин мемлекет тағайындаған адвокаттан бас тартқан.

Вадим Курамшиннің түрмеде отырғанына жеті жыл болды. 2012 жылы ол "прокуратура қызметкерін бопсалады" деген айыппен 12 жылға сотталған. Мұның адында оны осы айып бойынша алқа соты ақтаған еді. Вадим Курамшин мен оның жақтастары қылмыстық істің саяси астары бар деп есептейді.

Курамшин интернетке жарияланған үндеуінде 2015 жылдың қыркүйегінде Солтүстік Қазақстан облысының Есіл аудандық соты өзіне қатысты қаулыны "заң бұзып" шығарғанын айтады. Курамшин Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық сотының 1999 жылы 22 қырүйекте өзіне шығарған үкіміне рақымшылық актісін қолданудан бас тартылғанын және кейінгі үкімі өзгертіліп, одан "қылмыс қайталанып жасалған жағдайдағы жаза тағайындау" туралы бапты өзгертілгенін жазады.

Вадим Курамшин соттан үкімнің заңдылығын тексеруді және Қазақстан заңы нормалары бұзылғаны анықталған жағдайда кассациялық қарсылық білдіру және өз құқығын қалпына келтіруге жәрдемдесуді сұрайды. Оның пікірінше, 2015 жылы 1 қаңтарда күшіне енген Қылмыстық кодекске өзінің құқығын жақсартатын өзгерістер енгізілген. Курамшин өзіне 2012 жылы 7 желтоқсанда шыққан сот шешімі өзгертілуі тиіс деп біледі.

Қазақстандағы бірнеше құқық қорғау ұйымы Вадим Курамшинді саяси тұтқын деп таныған. Курамшин бес жыл бұрын адам құқығын қорғау саласындағы еңбегі үшін берілетін Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлыққа ие болған.

XS
SM
MD
LG