Accessibility links

Ақтөбе облысында 2,5 мың баланың ата-анасы екпеден бас тартты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысында 2,5 мыңнан астам баланың ата-анасы екпеден бас тартып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаменті хабарлады. Департамент мәліметінше, ақтөбеліктердің екпеден бас тартуына себеп бар. Солардың бірі - діни ұстаныммен байланысты.

"Дәрігерлер, дін істері басқармасы және "Нұр-Ғасыр" облыстық мешітінің қызметкерлерімен бірлесе облыс әкімі бекіткен жоспарға сәйкес, профилактикалық екпелерден бас тартып жүрген ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс 2018 жылдың 23-29 сәуір аралығында Ақтөбе облысында өтетін еуропалық иммундау апталығының аясында да жалғасады" делінген департамент хабарламасында.

Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаменті осындай үгіт-насихат нәтижесінде биыл ата-аналары вакцинадан бас тартып жүрген 56 балаға екпе салынғанын хабарлады.

2014 жылдың соңында жүргізілген қызылшаға қарсы екпеден соң Маңғыстау, Атырау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында 400-ге жуық жасөспірім өздерін жайсыз сезініп, дәрігерлерге жүгінген. Олардың 260-тан астамы ауруханаға жатып шыққан. Сол кездегі Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі Үндістанда шығарылған екпенің физика-химиялық және биологиялық көрсеткіштері нормативтік талаптарға сай деп мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Екпеден соңғы дертті «жаппай невроз» деп атады

XS
SM
MD
LG