Accessibility links

Иракта болған тәжікстандық балалар еліне оралды


Мәриям Шоева, Бағдадтан еліне оралған тәжікстандық қыз. Душанбе, 25 сәуір 2018 жыл.
Мәриям Шоева, Бағдадтан еліне оралған тәжікстандық қыз. Душанбе, 25 сәуір 2018 жыл.

Ирак астанасы Бағдадта балалар үйінде бірнеше ай тұрған тоғыз жастағы тәжік қызы Мәриям Шоева Тәжікстанға оралды деп хабарлайды Азаттықтың Тәжік редакциясы. Мәриям және тағы үш тәжікстандық бала отанына 25 сәуірде таңертең Мәскеу-Душанбе рейсімен ұшып келді.

Мәриямның атасы Мұхаммедрахим Шоев Тәжікстан билігі мен халықаралық Қызыл Крест комитетіне алғысын білдірді.

Тәжікстан Сыртқы істер министрлігінің 25 сәуір күні хабарлауынша, төрт тәжік баласын Ирактан елге қайтаруға Астана, Тегеран, Анкара, Мәскеу қалаларындағы, Кувейт пен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі дипломатиялық өкілдіктер, Ирактың сыртқы істер министрлігі, сонымен бірге Халықаралық Қызыл Крест комитеті және ЮНИСЕФ көмектескен.

Мәриям туралы алғашқы видео өткен жылы тамыз айында Russia Today телеарнасынан көрсетілген. Телеарна журналистері "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымына қосылған ата-аналарымен Иракқа тап болған Ресей және ТМД елдерінің балаларын түсірген. Бейнесюжетте орыс тілінде сөйлеген Мәриям өзінің Тәжікстаннан екенін айтып, туыстарынан үйіне оралуға көмектесуін сұраған.

Ирактағы Мосул қаласын содырлардан азат еткен соң, Мәриямды Бағдадтағы балалар үйіне орналастырған. "Russia Today" сюжетінен соң Мәриямның 37 жастағы Жамолидин Шоев пен 34 жастағы Садбарг Шомирзоеваның қызы екені белгілі болды. Олар 2004 жылы төрт баласымен Тәжікстаннан Египетке көшіп кеткен.

Тәжікстан Ішкі істер министрлігі бұған дейін елге оралған 16 жастағы Оиша, тоғыз жастағы Абдулла, жеті жастағы Фотима және үш жастағы Мұхаммед - душанбелік Илхомиддин Аслоновтың балалары екенін хабарлаған. Олар үш жыл бұрын ата-анасымен бірге Иракқа кеткен. Илхомиддин Аслоновты тәжік билігі ИМ тобы сапында соғысқаны үшін іздестіріп жатыр.

XS
SM
MD
LG