Accessibility links

Қазақстанда бейбіт митинг "жыл өткен сайын азайып барады"


Сергей Дуванов, оппозициялық журналист. Алматы, 26 сәуір 2018 жыл.
Сергей Дуванов, оппозициялық журналист. Алматы, 26 сәуір 2018 жыл.

Қазақстанда 2012 жылдан бері бейбіт ереуілдер саны азайып келеді деп мәлімдеді 26 сәуір күні Қазақстандағы халықаралық адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы ақпараттық мониторинг орталығының жетекшісі Сергей Дуванов.

Алматыда Қазақстанда 2016 және 2017 жылдары бейбіт жиын өткізу еркіндігі бойынша есебін таныстырған оппозициялық журналист Сергей Дувановтың мәліметінше, елде 2010 жылы 64 наразылық акциясы, 2011–2012 жылдары - 162, 2013 жылы - 119, 2014 жылы - 114, 2015-жылы - 71, 2016 жылы - 52, 2017 жылы 36 акция өткен. Құқық қорғаушының сөзінше, наразылық акцияларының азаюына биліктің наразылық шараларына заңсыз түрде рұқсат бермеуі, белсенділердің жиі қудалауы себеп болып отыр.

2010 жылы митингтердің 40 пайызы саяси себеппен болса, 2016 жылғы наразылық акцияларының саяси астары 15 пайызға азайған. Әлеуметтік мәселе бойынша өтетін митинг 2010 жылы – 7 пайызға, 2016 жылы 69 пайызға артқан. 2015 жылы митингтердің 28 пайызында, 2016 жылғы митингтердің 34 пайызында жаппай ұстау болған. Билік 2016 жылы болған 52 митингінің бесеуіне ғана рұқсат берген Ал 2017 жылғы 36 наразылық шарасының төртеуі ғана билік рұқсатымен өткен.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы наразылық акцияларының себебі мен сипаты

Сергей Дувановтың айтуына қарағанда, жергілікті биліктің саяси астары бар акцияларға өткізуге рұқсат бермеуі үйреншікті болып кеткен және наразылық акцияларына рұқсат беру тәртібі барлық халықаралық нормаға қайшы. "Қазақстан азаматтардың саяси ой-пікірін білдіру құқығы туралы келісімге қол қойған. Қазақстан өз ішіндегі тәртіпті халықаралық келісімге сәйкестендіруге міндетті. Бірақ біздің билік мұны орындамай отыр. Митингтің өту-өтпеуі биліктің қолындағы шара болмауы тиіс. Оның міндеті шеруге рұқсат беру-бермеу емес, тәртіптің сақталуын қадағалау ғана және митинг биліктің көрсеткен жерінде емес, халықтың қалаған жерінде өтуі тиіс" дейді журналист.

XS
SM
MD
LG