Accessibility links

Түрмеде ғибадат өтеуге жағдай жасауға шақырды


"ҰПМ және ұлттық құқық қорғау ұйымдарымен бірлесіп азаптаудың алдын алу" форумы. Астана, 26 сәуір 2018 жыл.
"ҰПМ және ұлттық құқық қорғау ұйымдарымен бірлесіп азаптаудың алдын алу" форумы. Астана, 26 сәуір 2018 жыл.

Қазақстандағы түзету колонияларында діни ғұрыптарды атқаруға жағдай жасап, тұтқындарды діни ұстанымы бойынша кемсітуді тоқтату керек. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл жайында 26 сәуір күні Астанада "Ұлттық превентивтік механизм және ұлттық құқық қорғау ұйымдарымен бірлесіп азаптаудың алдын алу" форумында Ұлттық превентивтік механизмнің (ҰПМ) үйлестіру кеңесінің мүшесі Олжас Сыздықов мәлімдеді.

Форумда 2017 жылы түрмелерге жасалған тексерудің қорытынды есебін таныстыру кезінде Олжас Сыздықов Ішкі істер министрлігі белсенділер мен құқық қорғаушылардың тұтқындардың конституция кепілдік беретін ар-ұждан және діни сенім бостандығын негізсіз шектеуді тоқтату туралы ұсынысын орындамағанын айтты.

Оның сөзінше, құрамына қылмыстық атқару жүйесі комитеті кіретін ішкі істер министрлігі түзеу мекемелерінде діни құлшылық жасайтын арнайы бөлмелерді қалпына келтірмеген.

- Баяндамада біз жазасын атқару мекемелер аумағында культттік нысандар салуға тыйым салу діни ғибадат өтеуге жағдай жасау міндетіне қайшы келмейтінін көрсеттік. Құлшылық жасайтын бөлме ашу деген культтік нысан салу деген сөз емес. Әрине, егер ондай бөлмелер болмаса, сотталғандар құлшылығын жасай алмай қалады, ал дін қызметкерлеріне сотталғандармен кездесетін орын болмайды, - деді Олжас Сыздықов.

Оның сөзінше, түрмелерде экстремизм айыбымен сотталғандарды түрме басшылығынан жоғары органдардың немесе арнайы қызметтің ауызша пәрменімен ынталандыру немесе көтермелеу мүмкіндігінен айыратын сәттер де болады. Мұндай мүмкіндіктен айырылған сотталушылардың шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуына рұқсат берілмейді.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Абаев бұл мәлімдемеге жауабында комитет қызметкерлері "сотталушылардың діни сенім бостандығы құқығын қамтамасыз ету үшін қолданыстағы заң талаптарын қатаң ұстанатынын" айтты. Оның сөзінше, колония әкімшілігі діни құлшылық атқаруға жағдай жасайды және қажет болса дін қызметкерін шақырады.

Қазақстанда жеті жыл бұрын сол кезде қолданысқа енген "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заң бойынша мемлекеттік мекемелерде, қарттар үйі мен түрмелерде құлшылық жасайтын бөлмелер мен орындар жабылған. Құлшылық жасайтын бөлмелер кітапханаға, тәрбие жұмысы және қосалқы бөлмелерге айналған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG