Accessibility links

Билік Березовка балаларының "токсиннен уланғанын" терістеді


Гүлнәр Әбдірахманова, Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары. Орал, 26 сәуір 2018 жыл.
Гүлнәр Әбдірахманова, Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары. Орал, 26 сәуір 2018 жыл.

Батыс Қазақстан облысының Березовка ауылында 2014 жылдан бері белгісіз жағдайда есінен танып құлап қалатын ауруға тап болған балалар тексерілді, дәрігерлердің бақылауында және ауруханаға жатқызу керек емес деп мәлімдеді 26 сәуір күні Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова.

Оның сөзінше, 2017 жылы сәуірде березовкалық балаларды республикалық медициналық орталықтың дәрігерлері мен профессорлары тексеріп, улануға қатысы жоқ диагноз қойған.

- Барлық бала тексеруден өтті, оларға түрлі диагноз қойылды. Бақылауда болсын деген ұсыныс жасалды. Осы уақыт ішінде жедел түрде ауруханаға жатқызылған жоқ, - деген Әбдірахманова балаларға қойылған диагноздардың бірі "вегетативтік қан тамыры дистониясы" екенін айтты.

24 сәуірде Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Crude Accountability халықаралық экологиялық құқық қорғау ұйымының өкілі әрі "Балалар, әлде мұнай?" коалициясының үйлестірушісі Сергей Соляник березовкалық екі балаға ресейлік дәрігерлер "мидың токсиннен улануы" деген диагноз қойылғанын хабарлаған.

Сергей Соляниктің сөзінше, Мәскеудегі Семашко атындағы балалар диагностикасы және емдеу орталығының дәрігерлері Березовкада зардап шеккен Альбина Ысқақова мен Алина Құсманғалиева көмірсутегінің әсерінен уланды деп тапқан. Белсенділер былтыр березовкалық балаларды Ресейде емдетуге қаржы жинау кампаниясын бастаған.

2014 жылғы қарашада Березовка кентінде 26 оқушы уланып, балалар жиі талып қалатын болған. Ресми дерекке сәйкес, балалардың жаппай талуына мектептің жылу қазандығынан бөлінген газ себеп болған. Зардап шеккен балалардың ата-аналары жаппай улану себебін ауыл іргесіндегі табиғи газ өндіретін Қарашығанақ кенішінен тараған улы газбен байланыстырады. Қадағалау органдары газды рұқсатсыз жаққаны үшін кенішті игеруші ҚПО халықаралық консорциумына 10 миллиард теңгеге жуық айыппұл салған. ҚПО басшылығы кеніш жұмысының улануға қатысы жоқ деп мәлімдегенімен, Березовка тұрғындарын көшіруге ақша бөліп жатыр. 2015 жылғы желтоқсанда ішінде зардап шеккен балалары бар 82 отбасы Қарашығанақ кеніші "өндірісін ұлғайтуға байланысты" Березовка ауылынан Ақсай қаласына көшірілген. Бірақ ата-аналар балаларының әлі талып қалатынын айтады.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG