Accessibility links

Ким Чен Ын Оңтүстік Корея шекарасынан өтті


Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын (сол жақта) Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Инмен қол алысып тұр. 27 сәуір 2018 жыл.
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын (сол жақта) Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Инмен қол алысып тұр. 27 сәуір 2018 жыл.

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын 27 сәуір күні таңертең Оңтүстік Кореямен шекарадағы әскери күзеті күшті демаркация сызығынан өтіп, осы ел президенті Мун Чжэ Инмен кездесті. 1953 жылы Корей соғысы аяқталғаннан бері Солтүстік Кореяның бір де бір басшысы Оңтүстік Корея шекарасына қарай өтпеген.

Шекара сызығынан өткен Ким Чен Ын Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Инмен қол алысып, онымен "достық пейілде" әңгіме болатынынан үмітті екенін айтты. Сәлден соң Ким Чен Ын кездесу Мун Чжэ Инді қолынан ұстап, шекара сызығының Солтүстік Корея жағына алып өтті де, аз-кем тұрған соң кері қайтты. Бұдан соң кездесудің алғашқы ресми бөлігі аяқталып, екі ел басшылары бөлек түстенуге кетті. Түстен кейін Ким Чен Ин қайтадан Оңтүстік Кореяға өтіп, Мун Чжэ Инмен келіссөз жүргізеді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ким Чен Ын шекараға жақын Панмуджон елді мекенінде келіссөз басталардың алдында "Бүгін біз қос Корея арасындағы бейбітшілік, көркею және қарым-қатынастың жаңа тарихы басталар сәтте тұрмыз" деді.

Оңтүстік Корея билігі өкілінің айтуынша, Ким Чен Ын Мун Чжэ Инге саммитке "тарихи жанжалды аяқтауға келгенін" айтып, оны "түн ортасында зымран ұшырып, үрейін ала бергеніне өкінетіні" туралы әзілдеген. Ким Чен Ын бұған қоса Сеулдегі Оңтүстік Корея президентінің резиденциясы - Көк үйге барғысы келетінін және болашақта "көбірек кездесу өткізуді қалайтынын" білдірді.


Бірнеше ай бұрын ғана Солтүстік Корея бірнеше рет ядролық және зымыран сынағын жасап, ядролық қару жасау ниетін айқын аңғартқан еді. Бірақ бүгінгі саммитте екі ел басшысы бейбітшілік пен ядролық қару мәселесін талқылайды деп жоспарланған.

Саммитте талқыланатын мәселелер алдын ала келісілген. Бірақ сарапшылардың көбі Пхеньянның ядролық сынақ жасауды тоқтату туралы мәлімдемесіне күмәнмен қарайды.

XS
SM
MD
LG