Accessibility links

Қырғызстан экс-премьерлерінің ЖЭС апатына қатысы бары тексерілмек


Бішкектегі жылу электр станциясының мұржасы (Көрнекі сурет).
Бішкектегі жылу электр станциясының мұржасы (Көрнекі сурет).

Қырғызстан парламентіндегі Бішкек жылу электр станциясындағы (ЖЭС) апат себебі мен нысанды жөндеуге бөлінген қаржының орнымен жұмсалғанын тексеретін комиссия экс-премьерлердің ықтимал заң бұзушылыққа қатысы бары туралы мәселені қарамақ. Бұл жайында Азаттықтың Қырғыз редакциясына депутаттық комиссия мүшесі Исхак Масалиев хабарлады.

Оның сөзінше, ЖЭС-ті модернизациялау жөніндегі келіссөз Алмазбек Атамбаев премьер-миинстр болып тұрған кезде басталған. Ол процесс Омурбек Бабанов премьер-министр болып тұрғанда жалғасып, Жанторо Сатыбалдиевтің премьерлігі тұсында келісімге қол қойылған.

Жоомарт Оторбаев үкіметті басқарып тұрғанда ЖЭС-ті модернизациялау жұмысы басталып, Темір Сариевтің премьерлігі тұсында жалғасқан. ЖЭС-ті жөндеу жұмыстары Сооронбай Жээнбеков премьер-министр болып тұрғанда аяқталған.

"Бұл дегеніміз, олардың әрқайсысының бұған қатысы бар деген сөз. Біз, комиссия кімнің кінәлі, кімнің кінәлі еместігіне баға бере алмаймыз. Мұны тиісті органдардың қызметкерлері анықтайды. Біз тек саяси бағасын береміз" деді Масалиев.

Депутаттық комиссия жұмысының қорытындысын мамырда жариялауы мүмкін.

Бұған дейін депутаттық комиссия ЖЭС-ті модернизациялауға қатысты бұрынғы премьер-министр Жанторо Сатыбалдиевпен әңгімелескен.


26 сәуірде бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінде ЖЭС-ті модернизациялау кезіндегі заң бұзушылыққа қатысты іс бойынша куәгер ретінде тергелген.

Биыл 26 қаңтар күні Бішкек ЖЭС-інде апат болып, салдарынан қаладағы көпқабатты үйлер мен мемлекеттік мекемелер жылусыз қалған. 30 қаңтарда Қырғызстан Бас прокуратурасы апат бойынша қылмыстық іс қозғаған.

2 сәуірде Бішкек ЖЭС-нің қызметкерлеріне, "Электр станциясы" компаниясы мен "Ұлттық энергетикалық холдинг компаниясына" қатысты жеке қылмыстық іс қозғалған.

XS
SM
MD
LG