Accessibility links

Карапетян: Пашинянмен келіссөз жүргізуден пайда жоқ


Карен Карапетян, Армения премьер-министрі міндетін атқарушы.

Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы Карен Карапетян 27 сәуірде оппозиция жетекшісі Никол Пашинянмен болатын келіссөзге қатыспайтын болды. Азаттықтың Армян редакциясының хабарлауынша, бұл жайында Карапетянның баспасөз хатшысы Арам Араратян Facebook-те жазды. Никол Пашинян Карен Карапетяндіі келіссөзге шақырғаны туралы кеше Еревандағы Республика алаңында өткен митингіде мәлімдеген.

"Никол Пашинянның кезекті шақыртуы бұл жолы келіссөзге кіммен бару керегі туралы пәрмен бермегені болмаса, алдыңғы шақыртудан еш айырмасы жоқ. Карен Карапетяннің бұл жолғы жауабы алдындағыдай. Тек бір тарап қана күн тәртібін белгілеп, екінші тарап оны ұсына алмаса, ондай келіссөз келіссөз болмайды. Бұдан өзге, Карапетян келіссөзді БАҚ алдында өткізудің өзі келіссөздің мақсаты қандай да бәр нәтижеге қол жеткізу емес деп біледі. Премьер-министрдің міндетін атқарушы сондықтан нәтиже шығуы екіталай "келіссөздің" келешегі жоқ деп санайды" деп жазды Арам Араратян.

Баспасөз хатшысы Карапетяннің пікірінше, Пашинян Армения президенті Армен Саркисяннің елдегі саяси жағдайды және оны реттеу жолдарын парламенттегі және парламент құрамында жоқ күштермен бірлесіп талқылау туралы ұсынысын қабылдауы керек.

Армения парламентіндегі оппозициялық депутат Никол Пашинян бұған дейін 26 сәуір күні кешке президент Армен Саркисянмен кездесіп, Армениядағы жағдайды және оны реттеу жолдарын талқылағанын хабарлаған.

23 сәуірде Армения премьер-министрі Серж Саргсян отставкаға кеткен. Ол оппозиция 11 күн өзіне қарсы шеру өткізген соң осындай шешім қабылдаған. Армения үкіметі Саргсян отставкаға кеткен соң премьер-министр міндетін оның орынбасары Карен Карапетян атқаратынын жариялаған. Саргсяннің одақтасы Карапетян 2016 жылдың 13 қыркүйегінен 2018 жылдың 9 сәуіріне дейін Армения премьер-министрі қызметін атқарған.

Кеше парламент спикері Ара Баблоян 1 мамырда Армения парламенті ел премьер-министрін сайлау үшін дауыс беретінін мәлімдеген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG