Accessibility links

Батталова ЖСДП-дан шығатынын мәлімдеді


Зәуреш Батталова, "Қазақстанда парламентаризді дамыту" қорының президенті.
Зәуреш Батталова, "Қазақстанда парламентаризді дамыту" қорының президенті.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) жетекшілерінің бірі Зәуреш Батталова Азаттыққа аталған партиядағы қызметін не үшін доғаратынына қатысты таяу күндері арнайы мәлімдеме жасайтынын айтты. Батталова ЖСДП партиясынан шығатынын кеше, сәуірдің 26-сы күні Facebook әлеуметтік желісінде хабарлаған.

Бүгін, сәуірдің 27-сінде Азаттық тілшісімен сөйлескен Батталова ЖСДП қатарынан не үшін шығатыны жайлы таяу күндері арнайы мәлімдеме жасайтынын, әзірге күте тұратынын айтты. Оның сөзінше "ЖСДП партиясының жұмысынан көңілі қалған".

Бұрынғы сенат депутаты, "Қазақстанда парламентаризмді дамыту" қорының президенті Зәуреш Батталова 2017 жылдың басында Жалпы ұлттық социал демократиялық партияның атқарушы органы – төралқа төрайымы болып сайланған. ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай Зәуреш Батталованың жаңа қызметін "партиядағы билікті бөлісу, билікті біртіндеп кейінгі буынға өткізу" деп бағалаған.

Азаттық тілшісінің ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбаймен сөйлесуге мүмкіндік болмады. ЖСДП-ның Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы және партия төралқасы төрайымының орынбасары Тазабек Сәмбетбайдың айтуынша, партия басшылығы арасында кикілжің жоқ. Партия төрағасы Жармахан Тұяқбай партия төралқасының жұмысына шектеу қоймаған, араласпаған.

Тазабек Сәмбетбайдың сөзінше, "ЖСДП-ның ішінде буын алмасу процесі" жүріп жатыр. Басқарушы органы – саяси кеңесінің және бөлімшелері мен өкілдіктері басшыларының жартысынан астамы жастар. Осыған байланысты бұрынғы буын мен кейінгі буын арасында көзқарас қайшылығы байқалған".

Билікке оппозициялық бағытты ұстанатынын жариялаған Жалпы ұлттық социал демократиялық партиясы 2006 жылы күзде құрылып, төрағалығына Жармахан Тұяқбай сайланған. 2009 жылы "Нағыз Ақ жол" партиясымен бірігіп, көп ұзамай қайта бөлінген.

XS
SM
MD
LG