Accessibility links

Талғат Аян түрмеден шықты


Талғат Аян.
Талғат Аян.

Атырауда 2016 жылғы сәуірде өткен "жер шеруіне" қатысқаннан кейін бес жылға сотталған жергілікті белсенді Талғат Аян 28 сәуірде түрмеден шықты. Бұл туралы Азаттыққа түрме қызметкерлерінің бірі хабарлады.

Талғат Аянның түрмеден шыққаны туралы қазақстандық құқық қорғаушы Бақытхан Төреғожина да Facebook парақшасында жазды.

Талғат Аян Ақтөбедегі К-168/2 колониясында қамауда отырған. 14 сәуірде Ақтөбе қалалық соты Талғат Аянның түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған. Сот шешіміне прокурор қарсы болмаған.

Атыраудағы митингіден кейін көп ұзамай белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян қамауға алынып, екеуінің үстінен Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша іс қозғалды. 2016 жылғы қарашада Атырау қалалық №2 соты Боқаев пен Аянды "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деп танып, бес жылға бас бостандықтарынан айыруға үкім еткен. Екі белсенді өздеріне тағылған айыптың саяси астары бар деп мәлімдеп, оны мойындаудан бас тартқан.

24 сәуірде адвокат Айман Омарова Азаттыққа Макс Боқаев "уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын" айтқан.

2016 жылғы сәуір мен мамыр айларында Қазақстанның көптеген қалаларында өткен үкіметтің жер реформасына қарсы наразылық акцияларынан соң президент Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіндегі резонанс тудырған заң баптарына мораторий жариялаған. Оған шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заң баптары да қосылған. Одан кейін үкімет жанынан жер реформасын халықпен бірге талқылау үшін арнайы комиссия құрылған. Кейін осы комиссия жұмысы негізінде Қазақстан парламенті Жер туралы заңды қабылдап, президентке жіберген.

Оқи отырыңыз: Жерге қатысты заңда толқу талабы орындалды ма?

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Талғат Аян мен Макс Боқаевты ар-ождан тұтқындары деп жариялап, Қазақстан билігін белсенділерге бостандық беруге талай мәрте шақырған.

XS
SM
MD
LG