Accessibility links

Бостандыққа шыққан Талғат Аян Атырауға келді


Азаматтық белсенді Талғат Аянның (ортада) Атырауға келген сәті. 29 сәуір, 2018 жыл.
Азаматтық белсенді Талғат Аянның (ортада) Атырауға келген сәті. 29 сәуір, 2018 жыл.

Бүгін жер митингілерінен кейін бес жылға сотталып, мерзімінен бұрын босаған белсенді Талғат Аян Атырауға келді. Ол кеше Ақтөбе түрмесінен бостандыққа шыққан болатын.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Атыраудың теміржол вокзалына белсендіні қарсы алуға оның ондаған туыстары, жақындары және белсенділер жиналған. Олар Талғат Аянды қолдарына түрлі-түсті шарлар және "Қош келдің үйге", "Талғат - батырымыз!!!" деп жазылған плакат ұстап қарсы алған.

Азаматтық белсенді Талғат Аян (ортада) өзін қарсы алған адамдармен бірге. Атырау. 29 сәуір, 2018 жыл.
Азаматтық белсенді Талғат Аян (ортада) өзін қарсы алған адамдармен бірге. Атырау. 29 сәуір, 2018 жыл.

Талғат Аян Ақтөбедегі К-168/2 колониясында қамауда отырған. 14 сәуірде Ақтөбе қалалық соты Талғат Аянның түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырған. Сот шешіміне прокурор қарсы болмаған.

Талғат Аян Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап бере келе өзінің "екіұшты" көңіл-күйде екендігін айтқан. Оның себебін ол өзі бостандыққа шыққанымен, кезінде өзімен бірге сотталған белсенді Макс Боқаевтың әлі де түрмеде отырғандығымен түсіндірген.

- Босап шыққалы мені "кешірім сұрапты" деген алып-қашты сөздерді де естіп қалдым. Бірақ мен ешкімнен кешірім сұраған жоқпын, - деді ол.

Белсенді өзі түрмеде отырған кезде қолдау көрсеткендер мен хат жазғандарға да өз алғысын білдірді.

Талғат Аянды қарсы алушылар да өздерінің қуанышты екендіктерін, алдағы уақытта Макс Боқаевтың да босап шығуы керектігін айтты.

ВИДЕО: Талғат Аянның Атырауға келу сәтінен трансляция.

Атыраудағы 2016 жылғы сәуірде өткен "жер шеруіне" қатысқаннан кейін көп ұзамай белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян қамауға алынып, екеуінің үстінен Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша іс қозғалды. 2016 жылғы қарашада Атырау қалалық №2 соты Боқаев пен Аянды "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деп танып, бес жылға бас бостандықтарынан айыруға үкім еткен. Екі белсенді өздеріне тағылған айыптың саяси астары бар деп мәлімдеп, оны мойындаудан бас тартқан.

24 сәуірде адвокат Айман Омарова Азаттыққа Макс Боқаев "уақытынан бұрын шығуға сұранбайтынын" айтқан.

2016 жылғы сәуір мен мамыр айларында Қазақстанның көптеген қалаларында өткен үкіметтің жер реформасына қарсы наразылық акцияларынан соң президент Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіндегі резонанс тудырған заң баптарына мораторий жариялаған. Оған шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заң баптары да қосылған. Одан кейін үкімет жанынан жер реформасын халықпен бірге талқылау үшін арнайы комиссия құрылған. Кейін осы комиссия жұмысы негізінде Қазақстан парламенті Жер туралы заңды қабылдап, президентке жіберген.

Оқи отырыңыз: Жерге қатысты заңда толқу талабы орындалды ма?

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Талғат Аян мен Макс Боқаевты ар-ождан тұтқындары деп жариялап, Қазақстан билігін белсенділерге бостандық беруге талай мәрте шақырған.

XS
SM
MD
LG