Accessibility links

Украина президенті Петр Порошенко америкалық Javelin ("Джавелин") атты танкіге қарсы зымыран кешенін алғанын растады. Бұл туралы Порошенко сәуірдің 30-ы күні кешке айтты. Оның сөзінше, бұл зымыран кешендері ел әскерінің әлеуетін арттырып, мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтады.

30 сәуірде АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Азат Еуропа/Азаттық Радиосының сауалына: "Қару әлдеқашан жеткізілді" деп жауап берді.

Вашингтонда Украинаға аталған қаруды сатуға қатысты мәселе көп талқыланған. Басында АҚШ президенті Дональд Трамп зымыран кешенін беруге құлықсыз болған. Былтырғы желтоқсан айында ғана Ақ үй Киевке Javelin сатуды мақұлдаған. Украина президенті Петр Порошенко АҚШ-пен және Батыс Еуропа елдерімен әскери қару-жарақ пен құрал-жабдық алу туралы үнемі келіссөз жүргізіп келеді.

Былтыр АҚШ Киевке құны 47 миллион долларлық әскери көмек беру туралы шешім қабылдап, ол наурыз айында бекітілген. Бұл жәрдемнің ішіне Javelin атты танкке қарсы 210 зымыран кешені кірген.

2015 жылдан бері АҚШ Украинаға жалпы сомасы 750 миллион доллар болатын әскери құрал-жабдық берген. Олардың қатарында түнде көруге арналған құрылғылар және шағын радиуста жұмыс істейтін радиолокациялық жүйе де бар.

XS
SM
MD
LG