Accessibility links

Премьерлікке кандидат Пашинян жеткілікті дауыс жинай алмады


Никол Пашинян Армения парламентінде сөйлеп тұр. Ереван, 1 мамыр 2018 жыл.
Никол Пашинян Армения парламентінде сөйлеп тұр. Ереван, 1 мамыр 2018 жыл.

Армения оппозициясының лидері Никол Пашинян ел премьері болып сайлана алмады. 1 мамыр күні парламентте өткен сайлауда депутаттар Пашиняннің премьер-министр болуына қарсы дауыс берді. Пашиняннің кандидатурасын 45 депутат қолдап дауыс беріп, 55-і қарсы болды. Премьер-министр болып сайлана алмаған Никол Пашинян сол күні кешкісін Ереванның Республика алаңында халық алдында сөйлеп, 2 мамырдан бастап жаппай ереуілді жалғастыруға шақырды.

"Ертең сағат 08:15-тен бастап барлық көлік жолдары, әуежай, темір жолдары жабылады. Біздің үніміз жеңіліспен аяқталмауы тиіс. Ертеңнен бастап жаппай азаматтық билікке бағынбау қозғалысы басталады" деп мәлімдеді Пашинян. Ол акция бейбіт болатынын айтып, полицияны күш қолданбай, халықпен бірге болуға шақырды.

Парламентте өзінің кандидатурасына дауыс беруді қорытындылаған Пашинян өзін қолдап дауыс берген "Елк" және Царукян" фракцияларына және "Дашнакцутюн" фракцияларының депутаттарына алғыс білдірді.


Никол Пашинян Республикалық партия билікті "халықтың кандидатына" беруі тиіс екенін тағы мәлімдеді. Мұның алдында парламентте сөйлеген Пашинян депутаттардың үкімет басшысы қызметіне "халық ұсынған кандидатты" сайлағысы келмеуі "саяси аласапыранға" ұласуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Армения заңына сәйкес, парламенттің арнайы отырысында премьер-министр сайланбаса, жеті күннен кейін жаңа сайлау өтуі тиіс. Егер екінші рет премьер таңдалмаса, парламент таратылып, жаңа сайлау өтеді.

XS
SM
MD
LG