Accessibility links

Швецияда үш өзбекстандық "теракт жасамақ болды" деп ұсталды


Швеция полициясы (Көрнекі сурет).
Швеция полициясы (Көрнекі сурет).

Швеция Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі террорлық шабуыл жасауды жоспарлады деген үш күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. Арнайы қызметтің баспасөз хатшысы Карл Мелин Азаттықтың Өзбек редакциясына елдің солтүстігі мен Стокгольмде болған арнайы операцияда үш адам ұсталып, тағы бірнеше адамның тергеуге әкетілгенін хабарлады.

Арнайы операцияға тікелей қатысы бар швед шенеунігі Азаттыққа күш құрылымдарының қызметкерлері ұстаған үш адамның Өзбекстан азаматтары екенін және олардың Стокгольмнің солтүстігіндегі Акалла ауданында тұрғанын айтты.

"Ол адамдар Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің назарына Рахмат Акилов жасаған терактіден соң түскен. Олардың біреуінің Акиловпен тікелей байланысы бар. Ол да Самарқандтан шыққан" деді шенеунік.

Карл Мелиннің сөзінше, ұсталғандар Швеция аумағында теракт жасауды жоспарлаған.

Швецияда тұратын өзбектер қауымдастығының өкілдері Азаттыққа ұсталғандардың бірі Ташкенттен шыққанын, Өзбекстанда қудаланғаннан кейін Швециядан баспана алғанын айтып берді.

2017 жылы 7 мамыр күні Самарқандтан шыққан 40 жастағы Рахмат Акилов жүк көлігімен Стокгольмнің орталығында көшеде кетіп бара жатқан топ адамды қағып өткен. Салдарынан бес адам қаза тауып, 15 адам жараланған. Акилов терактіні "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы содырларының бұйрығы бойынша жасағанын мойындаған.

XS
SM
MD
LG