Accessibility links

Марокко Иранмен дипломатиялық байланысын үзді


Батыс Сахарадағы "Полисарио майданы" қозғалысының әскері (Көрнекі сурет).
Батыс Сахарадағы "Полисарио майданы" қозғалысының әскері (Көрнекі сурет).

Марокко Тегеранды Батыс Сахараның тәуелсіздік алуын көксейтін "Полисарио майданы" қозғалысын қолдады деп айыптап, Иранмен дипломатиялық байланысын үзді.

1 мамырда Марокко сыртқы істер министрі Насер Бурита Иран мен оған одақтас ливандық "Хезболла" тобын 2016 жылдан бері "Полисарио майданы" жасақтарын дайындады және қозғалысқа Алжирдегі Иран елшілігі арқылы "жер - әуе" санатындағы зымырандар жеткізіп тұрды деп айыптады.

Насер Бурита Иран елшілігіне барып, ирандық әріптесіне дипломатиялық байланысты үзу туралы өз аузымен хабарлағанын айтты. Буританың сөзінше, Марокко елшісі ендігі Тегераннан кетіп қалған, ал Иран елшілігі "дереу жабылуы тиіс". Бұған дейін "Полисариа майданын" қолдап келген Иран Марокко билігінің шешіміне қатысты әзірге түсінік бермеді. Бурита Иран сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф өзімен әңгімелескен соң "естен танарлықтай күй кешкенін" айтты.

Ал "Хезболла" қозғалысы мәлімдеме жасап, "Полисарио майданына" қару-жарақ жеткізілгені туралы ақпаратты терістеді. "Хезболла" Марокко билігін шешімді АҚШ, Израиль және Сауд Арабиясының "қысымымен" қабыдады деп айыптады. Бұрын Испания отары болған Батыс Сахараны 1975 жылы Марокко аннексиялап алған.

"Полисарио майданы" 1991 жылы БҰҰ арағайындығымен бітім туралы келісім жасасқанға дейін тәуелсіздік алу жолында қарулы күрес жүргізген.

XS
SM
MD
LG