Accessibility links

Сайлау заңын өзгерту жобасы парламентке түсті


Қазақстандағы сайлау учаскелерінің бірі. (Көрнекі сурет)
Қазақстандағы сайлау учаскелерінің бірі. (Көрнекі сурет)

Парламент мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің қарауына "Сайлау туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы конституциялық заң жобасы түсті деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, жобада сайлау туралы заңды жаңа институттар енгізу арқылы жетілдіру, құқықтық кемшіліктерді жою қарастырылған.

Заң жобасында "Сайлау туралы" заңға барынша ашық және демократиялық сайлау процесін қамтамасыз ететіндей өзгерістер енгізу көзделген делінеді. Құжат бойынша екі кодекс пен үш заңға өзгерістер енгізілмек.

Бұдан алдын Азаттық сұрау салғанда, Әділет министрлігі конституциялық заң жобасының "жергiлiктi өкiлдi органдарда әртүрлi партиялардың өкiлдiгiн қамтамасыз ететiн сайлаудағы пропорционалдылық аймақтың халықтың әртүрлi бөлiктерiнiң қажеттiлiктерiн неғұрлым толық қанағаттандыратын аумақты дамытуды көздейтінін" айтып жауап берген.

Әділет министрлігінің мәліметіне қарағанда, "жергілікті өкілді органдарға (барлық деңгейдегі мәслихаттарға) пропорционалды сайлау жүйесін тарату осы тізбектелген мәселелерді іске асырудың бір жолы" болып болып табылады.

"Пропорционалды жүйе барлық саяси партиялардың толыққанды өкілдігін қамтамасыз етеді, партиялық құрылысты дамытуға, елдегі қоғамдық-саяси өмірде партиялардың рөлін арттыруға мүмкіндік береді, халықтың мүдделерін толығымен ескеруге мүмкіндік береді" делінген Әділет министрлігінің Азаттыққа жауабында.

2000 жылдардың бас кезінде парламент сенатында оппозициялық бағыттағы депутат ретінде танылған Уәлихан Қайсар «бұл заң жобасы қазіргі жағдайды заңдастырудың жолы» деп санайды.

- Қазірге дейін азаматтардың сайлауда кандидаттыққа өзін-өзі ұсынуға мүмкіндігі бар. Бірақ өзін-өзі ұсынып депутат болатындар сирек кездеседі. Қай мәслихатты алсаңыз да дені «Нұр Отан» партиясының депутаттары. Билікке жақын өзге партияларға да бірер орын беріп, алдаусыратқаны болмаса іс жүзінде мәслихаттардың барлығы «Нұр Отан» партиясының депутаттарынан құралады,- дейді бұрынғы депутат Уәлихан Қайсар.

XS
SM
MD
LG