Accessibility links

Туыстары Ардақ Әшімнің "контузия алғанын" терістеді


Азаматтық белсенді Ардақ Әшімова Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл
Азаматтық белсенді Ардақ Әшімова Оңтүстік Қазақстан облыстық жүйке аурулар диспансерінде отыр. Шымкент, 31 наурыз 2018 жыл

Жүйке аурулары ауруханасында мәжбүрлі түрде емделіп жатқанына бір айдан астам уақыт болған шымкенттік белсенді Ардақ Әшімнің ісіне оның "2004 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық орталық ауруханасында "контузиядан кейінгі синдром" диагнозымен емделгені" туралы құжат қосылды. Ардақ Әшімнің туыстары белсендінің бұрын мұндай диагнозбен емделгенін жоққа шығарады. Белсендінің қызы Айнұр Әшімнің Азаттыққа айтуынша, бұл - "анасын айыптау үшін жасалған құжат болуы мүмкін".

- Жаңақорған аудандық орталық ауруханасының психиатры Бекболат Төлегенов берген анықтаманы көріп таң қалдық. Онда анамның 2004 жылы есепке алынғаны, 2006 жылы қайта барып емделгені айтады. Анам 1986 жылы тұрмысқа шыққан. Шымкентте тұрғанына жиырма жылдан асты. Жаңақорғанға барып емделген емес. Мұның бәрі жала, жалған, - дейді ол.

Айнұр Әшім анасының Жаңақорғанда емделгені туралы іс материалын өзіне тергеуші Бақытжан Сыдықов бергенін айтып, оның көшірмесін Азаттық тілшісіне көрсетті.

Бұдан бұрын Шымкенттің Абай аудандық соты Ардақ Әшімді жүйке аурулары ауруханасында мәжбүрлеп емдеу мерзімін Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті тергеу басқармасының тергеушісі Бақытжан Сыдықовтың шағымымен бір айға ұзартқан.

Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге шақыртумен барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған.

Оқи отырыңыз: Белсендіні жүйке дерті ауруханасында күштеп "емдеп" жатыр

Абай аудандық соты Ардақ Әшімді жүйке аурулары диспансеріне жатқызу туралы қаулыны 27 наурызда шығарған. Сот қаулысында 20 наурызда Ардақ Әшімге қатысты сот психиатриялық сараптама жасалғаны айтылады. Сараптама қорытындысында Ардақ Әшімнің "2015 жылдан бері созылмалы психикалық аурумен ауыратыны" анықталған. Белсендінің туыстары сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген.

XS
SM
MD
LG