АҚШ-та бір топ республикашыл конгресмен президент Дональд Трампты бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына үміткер етіп ұсынды.
Конгресмендердің Нобель сыйлығын тағайындау комитетіне жазған хатында Дональд Трамптың "Солтүстік Кореяға барынша қысым көрсетіп, оны заңсыз әскери кампаниясын тоқтатуға мәжбүрлеуде және аймақта бейбітшілік орнатуда аянбай еңбек еткені" айтылады. Хат жолдаған 18 конгресмен Трамп әкімшілігінің халықаралық қауымдастықты біріктіре алғанын, соның арқасында Солтүстік Кореяға экономикасын әлсіретіп, Пхеньянды келіссөзге келуге мәжбүрлейтіндей жаңа санкциялар енгізілгенін айтады.
Дональд Трамптың жақтастары соңғы кезде оны Нобель сыйлығына ұсыну идеясын кеңінен талқылап жатыр. Бұған Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Иннің үкімет мүшелерімен өткізген жиында Трампты Нобель сыйлығына ұсынуды қолдағаны туралы ақпарат түрткі болған. Өткен аптаның соңында Мичиганда президент Трамп қатысқан митингіде оған қатысушылар "Нобель, Нобель!" деп ұрандаған.
АҚШ-та Дональдті Трампты сынайтындар конгресмендердің Нобель комитетіне жазған хатын саяси айла-шарғы, конгреске аралық сайлауға аз уақыт қалғанда консервативтік электораттың алдында саяси ұпай жинау әрекеті деп атады.
Нью-Йорктен сайланған конгрессмен Адриано Эспайя Дональд Трамп Ақ үйге келген бір жылдан астам уақыттан бері әлемде қауіп азаймағанын мәлімдеді. "Мұндай мәртебелі сыйлыққа ұсыну саяси ойынға түрткі болмауы тиіс" деді ол.
Сыйлыққа үміткер ұсыну құқығына мемлекет басшылары, үкімет пен парламент мүшелері ие. Осыған дейін АҚШ-тың төрт президенті - Теодор Рузвельт, Вудро Вильсон, Джимми Картер және Барак Обама бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын иеленген.