Accessibility links

Өзбекстанда прокурор журналиске түрме жазасын сұрады


Бобомурод Абдуллаев, өзбекстандық журналист.
Бобомурод Абдуллаев, өзбекстандық журналист.

Ташкентте журналист Бобомурод Абдуллаев пен блогер Хаетхан Насреддиновтің және кәсіпкерлер Шавкат Оллоеров пен Равшан Салаеваның ісі бойынша өтіп жатқан сотта прокурор Абдуллаевты бес жылға соттауды, қалған сотталушыларды ақтауды сұрады. Оларға "конституцияға қарсы әрекет етті" деген айып тағылған.

Сотқа бақылаушы ретінде қатысқан ташкенттік журналист Абдурахман Ташановтың Азаттықтың Өзбек редакциясына хабарлауынша, прокурор сотталушыларды Қылмыстық кодекстің 159-бабының 4-бөлімі ("билікті басып алу және конституциялық құрылымды құлату мақсатында астыртын сөз байласу") бойынша айыпты деп танудан бас тартқан. Бұл бап бойынша айыпты деп танылғандарға 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.

Ташанов Бобомурод Абдуллаевты "Өзбекстанның конституциялық құрылымын өзгерту үшін құрылды" делінетін "Жатва" жобасына қатысты деп айыптаудың дәлелденбегенін айтты. Сол себепті бұл пункт бойынша тағылған айып алынып тасталған.

Бобомурод Абдуллаев пен өзге үш сотталушының ісі бойынша кезекті сот отырысы 5 мамырға белгіленді. Шавкат Оллоеров сол күні сотта соңғы сөзін айтып, одан соң үкім оқылуы мүмкін.

Ташкенттік 44 жастағы тәуелсіз журналист Бобомурод Абдуллаев былтыр қыркүйек айында тұтқындалып, 1 қазаннан бері қамауда отыр. Оған "елдің конституциялық құрылымын бұзып, билікті күшпен тартып алмақ болды" деген бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Абдуллаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG